Астанада есірткіні «дәмдеуіш» деп сылтауратқан аспаз ұсталды
Аспаздың сөмкесінен марихуана мен гашиш майы табылды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада республикалық «Дәрмек» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында полиция қызметкерлері есірткі заттарын заңсыз сақтаған деген күдікпен ер адамды ұстады. Бұл туралы Polisia.kz жазды.
Патрульдеу кезінде полицейлер автобус аялдамасынан келе жатқан, қолында барсеткесі бар азаматқа назар аударған. Тексеру және жеке тінту барысында сөмкесінен сұр-жасыл түсті, марихуананың айқын иісі бар жеті орама табылған. Сонымен қатар сары түсті сұйықтық құйылған 20 пластик құты – гашиш майына ұқсас зат және өсімдік тектес тағы 10 орама, алдын ала мәлімет бойынша каннабис шайыры анықталған.
Ұсталған азамат өзін аспаз ретінде таныстырып, тәркіленген заттарды «тағамға арналған дәмдеуіштер» деп түсіндірген. Оның Астанадағы мейрамханалардың бірінде жұмыс істейтіні расталғанымен, сараптама нәтижесі табылған заттардың азық-түлікке еш қатысы жоқ екенін көрсетті.
Полиция мәліметінше, аталған дерек бойынша «есірткі заттарын заңсыз сақтау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Құқық қорғау органдары есірткі заттарын сақтау мен таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын тағы да ескертті.
Материал авторы