342

Шардарада әкесін азаптаған ер адамның ісі сотқа жетті

Әкесін аяусыз сабаған ер адамға екі ауыр бап бойынша айып тағылды.

Шардарада әкесін азаптаған ер адамның ісі сотқа жетті
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Түркістан облысындағы Шардара өңірінде әкесіне ұзақ уақыт бойы қатыгездік көрсеткен 40 жастағы ер адамға қатысты тергеу аяқталды. Қылмыстық іс үш ай бойы жүргізілген. Бұл туралы КТК арнасы жеткізді.

Марқұм қарияны ұлы мен келіні аулада ұрып-соғып, сүйреген сәт көршілердің бірінің ұялы телефонына түсіп қалған. Алайда бейнежазба зейнеткер қайтыс болғаннан кейін ғана жарияланып, құқық қорғау органдарына ұсынылған.

Тергеу барысында ер адам мен оның жұбайының қарияны балаларының көзінше жүйелі түрде соққыға жыққаны анықталды. Қайтыс болу себептерін нақтылау үшін полиция эксгумация жүргізіп, марқұмның мәйіті қайта қазып алынды.

Сараптама қорытындысына сәйкес, күдіктіге екі бірдей ауыр бап бойынша айып тағылды. Атап айтқанда, дәрменсіз адамды қасақана азаптау және денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру деректері бойынша іс қозғалды. Айыпталушы 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылып, жазасын колонияда өтеуі мүмкін.

Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желіде Түркістан облысында ер адамның өз әкесін қорлап, балағаттап, ұрып-соққан видеосы кеңінен тараған болатын. Полиция күдіктіні қамауға алған. Қоғамда резонанс тудырған бұл іс оның асаба болып жұмыс істегені туралы ақпаратпен де қызу талқыланды.

Материал авторы