Науқас үшін қазақ тілін үйренген дәрігер көпшілікті тәнті етті (ВИДЕО)
Дәрігерді қазақ тілін үйренуге не итермелегенін айтты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, әлеуметтік желіде уролог Ростислав Фроловтың қазақ тілін қалай меңгергені туралы видеосы кеңінен таралып, қызу талқыға түсті. Дәрігердің айтуынша, оны қазақша сөйлеуге үйреткен басты себеп — кәсіби қажеттілік.
Фролов жұмыс барысында бірде орыс тілін мүлде түсінбейтін науқаспен бетпе-бет келген. Сол сәт дәрігер үшін бетбұрыс болған. Алдымен науқастардың шағымын дұрыс түсіну үшін қарапайым қазақша тіркестерді үйренуге кіріскен ол, уақыт өте келе сөздік қорын жүйелі түрде кеңейткен.
Дәрігер қазақ тілі тек медициналық қарым-қатынас құралы ғана емес, адамдармен ашық әрі сенімді байланыс орнатудың жолы екенін атап өтті. Оның айтуынша, қазақша сөйлескен сәтте адамдардың бірден жымиып, еркін ашыла бастайтыны байқалады.
«Күнделікті өмірде де әдейі қазақша сұраймын. Мысалы, «Қанша тұрады?» деп бастаймын. Сол кезде адамдардың қабағы жазылып кетеді. Оларға да жағымды, маған да оларды түсінгенім ұнайды. Дүкенде де, емханада да ортақ тіл табу жеңілдейді. Алтын ереже — адаммен түсінікті тілде сөйлесу», — деді ол Ұлықбек Шәріповке берген сұхбатында.
Ростислав Фролов әр науқасқа жеке көзқараспен қарауға тырысатынын да жасырмады. Оның сөзінше, кейбір адамға ресми тіл емес, қарапайым қарым-қатынас ыңғайлы.
«Егер науқасқа «сен» деп сөйлескен жеңіл екенін сезсем, одан қашпаймын. Бастысы — адамның өзін жайлы сезінуі», — дейді дәрігер.
Желі қолданушылары дәрігердің бұл ұстанымын жоғары бағалап, оның кәсібилігін, адамға деген құрметін және қазақ тілі мен мәдениетіне деген шынайы ықыласын ерекше атап өтті. Пікір қалдырғандар арасында «осындай мамандар көбейсе» деген ой жиі кездеседі.
Материал авторы