383

Lufthansa ұшағы Алматыға мәжбүрлі қонуына тура келді

Борттағы қайғылы жағдайға қатысты полиция тергеуді бастады.

Lufthansa ұшағы Алматыға мәжбүрлі қонуына тура келді
Peter Henrich / Imago / Global Look Press

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Мюнхен – Бейжің бағытында ұшып бара жатқан Lufthansa әуе компаниясының жолаушылар ұшағы Алматы әуежайына мәжбүрлі түрде қонды. Бұған борттағы жолаушылардың бірінің жағдайының күрт нашарлауы себеп болған.

Ұшу кезінде ер адам өзін жайсыз сезініп, есінен танып қалған. Ұшақ қонған сәтте әуежайдың медициналық қызметі мен жедел жәрдем бригадасы дереу жеткен. Алайда дәрігерлер жолаушының әуе кемесі жерге қонғанға дейін қайтыс болғанын анықтады.

Барлық қажетті рәсімдер аяқталып, әуе кемесі жанармаймен толықтырылғаннан кейін рейс сапарын жалғастырды. Ұшақ 07:56-да бастапқы бағыты бойынша қайта ұшып шыққан.

Алматы әуежайындағы желілік полиция бөлімі аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғады. Алдын ала мәліметке сәйкес, шетелдік азаматтың өліміне жедел жүрек жеткіліксіздігі себеп болған.

Көліктегі полиция департаменті оқиғаға қатысты тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады. Алайда ведомство өкілдері тергеу барысына байланысты қосымша мәлімет беруден бас тартты.

Материал авторы