Қайрат Нұртастың әйелі анасына Астанадан пәтер сыйлады (ВИДЕО)
Жұлдыз Әбдікәрімова оқырмандарынан сүйінші сұрады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, белгілі әнші Қайрат Нұртастың жұбайы, актриса әрі продюсер Жұлдыз Әбдікәрімова анасынa Астанадан пәтер сыйлағанын мәлімдеді. Қуанышты жаңалықты ол әлеуметтік желідегі парақшасында жариялап, арнайы бейнежазба да ұсынды.
Актрисаның айтуынша, бұл шешімге ол бір күнде келген жоқ. Жұлдыз бұл сәтке бірнеше жыл бойы дайындалғанын жасырмады. Соңғы бес жылда анасы Алматы мен Астана арасында сабылып, отбасына барынша қолдау көрсетіп келген.
«Анам әкемнің жағдайын жасап, үйдің шаруасын реттейді, тамағын әзірлейді де, қайтадан Астанаға асығады. Балаларым менің қолымда болуы үшін ол өзін аяған жоқ», — деп жазды актриса.
Жұлдыз Әбдікәрімова анасының көмегінің арқасында шығармашылықпен еркін айналысып, іссапарларға шығып, жұмысын жүйелі түрде жалғастыра алғанын атап өтті. Балалардың тәрбиесі мен күнделікті тұрмысы көбіне әженің мойнында болған.
Сонымен қатар актриса әкесі туралы да сөз қозғады. Оның айтуынша, әкесі өмірін мемлекеттік қызмет пен ғылымға арнаған, ал ұстаздықты ең маңызды миссия деп есептейді.
«Мен бұл пікірмен толық келісемін. Ұстаздықтан асқан жауапкершілік жоқ. Егер әкем бір күні зейнетке шығуды ойласа, Астанаға көшуін міндетті түрде ұсынамын», — деді ол.
Жұлдыз соңғы жылдары жалдамалы пәтерлер мен жиі көшудің өзі үшін де, отбасы үшін де оңай болмағанын айтты. Үй шаруасына немесе бала күтіміне көмектесетін қызметкері жоқ екенін де жасырмады.
«Балаларды өзім апарамын, өзім алып келемін. Анам бізді шығарып салады, қарсы алады, кейде еркелетеді, керек жерде қатал бола да біледі. Екі жыл бұрын жүрегімде бір арман пайда болды — анама Астанадан, өз үйіме жақын пәтер сыйлау. Сол мақсат үшін тынымсыз еңбек еттім. Шүкір», — деп түйіндеді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Жұлдыз Әбдікәрімова жаңа пәтеріне рум-тур жасап, бейнешолуды әлеуметтік желіде жариялаған болатын.
Материал авторы