Қазақстан Олимпиадаға дайындық үшін 13,2 млрд теңге жұмсады
Министрлік қысқы Олимпиадаға кеткен шығынды жариялады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 2026 жылы Италияда өтетін қысқы Олимпиада ойындарына дайындыққа Қазақстан 13,2 млрд теңге бағыттаған. Бұл туралы елордада өткен Туризм және спорт министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңестің кезекті отырысында айтылды. Жиын Милан мен Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтетін XXV қысқы Олимпиадаға арналды.
Олимпиада 2026 жылғы 6–22 ақпан аралығында өтеді. Халықаралық додаға 93 елден 2 900-ден астам спортшы қатысады деп күтіліп отыр. Барлығы 116 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Қазақстан құрамасы Олимпиадаға 10 спорт түрі бойынша шамамен 35 спортшыны апаруды жоспарлап отыр. Қазірдің өзінде мәнерлеп сырғанау, шорт-трек және конькимен жүгіру спорт түрлерінен небәрі 23 лицензия алынған.
Қоғамдық кеңес отырысында ҚР Туризм және спорт министрлігіне қарасты Дене шынықтыру және спорт істері комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Есембаев Олимпиадаға дайындыққа жұмсалған қаржы көлемін нақтылады.
«Қысқы Олимпиадаға сапалы дайындықты қамтамасыз ету үшін 2025 жылы жалпы қаржы көлемі 13,2 млрд теңгені құрады. Оның ішінде федерациялардың қаражаты – 585 млн теңге, республикалық бюджеттен – 5,3 млрд теңге, жергілікті бюджеттен – 6,2 млрд теңге, Туризм және спорт индустриясын қолдау қоры есебінен – 812,5 млн теңге бөлінді», – деді ол.
Министрлік өкілінің айтуынша, бөлінген қаражат спортшылардың оқу-жаттығу жиындарына, халықаралық жарыстарға қатысуына және лицензия алу процесіне бағытталған.
Материал авторы