625

Министр Жәнібек Әлімханұлының допинг ісіне қатысты мәлімдеме жасады

Министр ендігі қорытынды 8 қаңтарда белгілі болатынын айтты.

Министр Жәнібек Әлімханұлының допинг ісіне қатысты мәлімдеме жасады
әлеуметтік желіден

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлының допинг сынамасына байланысты туындаған жағдайға пікір білдірді.

Министрдің айтуынша, әзірге түпкілікті қорытынды жасауға ерте. Себебі екінші — В сынаманың нәтижесі әлі ашылған жоқ.

«Иә, өкінішке қарай, маңызды жекпе-жек қарсаңында осындай жағдай тіркелді. Қазір бәрі В сынаманың ашылуын күтіп отыр. Ол 8 қаңтарға жоспарланған. Жәнібектің командасы да, біз де нәтижені күтеміз. Қорытынды ақпарат содан кейін беріледі», — деді Ербол Мырзабосынов Үкіметтегі брифингте.

Министр ықтимал салдар туралы сұраққа жауап бере отырып, шешім қабылдау құзыреті Антидопинг агенттігі (VADA) мен Дүниежүзілік бокс ұйымына тиесілі екенін атап өтті.

Еске салайық, бұған дейін Жәнібек Әлімханұлының VADA жүргізген допинг-тестінен кейін тыйым салынған затқа қатысты «жағымсыз талдау нәтижесі» тіркелгені хабарланған болатын.

Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, спортшының командасы түсіндірме дайындап жатыр және істің толық рәсімдік тәртіппен қаралуын талап етуде. Мақсат — боксшының кінәсіздігін дәлелдеу немесе тыйым салынған заттың ағзаға қалай түскенін анықтау.

IBF жаңартылған рейтингінде Жәнібек Әлімханұлының мәртебесі әзірге өзгерген жоқ — ол әлі де әлем чемпионы ретінде тіркеліп тұр. Қазір негізгі назар В сынаманың нәтижесіне ауып отыр.

АҚШ-та да бұл іске ерекше назар аударылып отыр. Белгілі The Ring журналы қазақстандық боксшыны өз рейтингінен алып тастағанын мәлімдеді.

Айта кетейік, орта салмақта WBO және IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы чемпиондық белбеулерінен айырылуы мүмкін.

Материал авторы