345

Семейде балалар подъездерде кішкентай «бомбалар» жарған

Ата-аналарға әкімшілік хаттама толтырылды.

Семейде балалар подъездерде кішкентай «бомбалар» жарған
Абай ПД

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Семей қаласында балалардың көпқабатты тұрғын үйлердің подъездеріне кіріп, пиротехникалық «жарылғыштарды» өртеп, лақтырғаны анықталды. Оқиғаға байланысты полиция тексеру жүргізді.

Абай облысы Полиция департаментінің мәліметінше, тексеру барысында 11 және 13 жастағы екі жасөспірім анықталған. Олар тұрғын үйлердің кіреберісінде пиротехникалық бұйымдарды пайдаланған. Балалармен және олардың ата-аналарымен профилактикалық әңгіме жүргізілді.

Қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзғаны үшін ата-аналарға қатысты әкімшілік хаттама толтырылған. Абырой болғанда, оқиға салдарынан айтарлықтай материалдық шығын келтірілмеген.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, ата-аналарға немесе заңды өкілдерге ескерту жасалуы немесе пиротехникалық бұйымдарды тәркілей отырып, 20 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынуы мүмкін.

Полиция өкілдері пиротехниканы пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау қажеттігін ескертеді. Мұндай бұйымдарды тек арнайы рұқсат етілген орындарда қолдануға болады. Ал кәмелетке толмағандардың пиротехниканы пайдалануы — жарақат алу, өрт шығару және өзге де ауыр салдарға әкелуі ықтимал.

Сондай-ақ ата-аналардың балалардың бос уақытын бақылап, олардың әрекеттеріне жауапкершілікпен қарауы маңызды екені атап өтілді. Тұрғындардың тыныштығы мен қауіпсіздігі — ортақ міндет.

Құқық қорғау органдары күмәнді немесе қауіпті жағдайлар байқалған жағдайда полицияға дереу хабарлауға шақырады.

Материал авторы