SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы қаласының дамыту орталығын басқаратын Руслан Берденов компанияда Жаңа жылдық корпоративтік кеш өткізуге тыйым салды деген ақпаратқа қатысты пікір білдірді. Кейбір желілерде бұл шешімнің себебі басшының діни сенімімен байланысты деп тараған еді.
Желіде жазылған мәліметке сәйкес, компания қызметкерлері бюджеттен қарастырылған мерекелік сыйлықтарды да ала алмаған. Хабарламаны жариялаған азамат бұл әрекетті ұжымдық этиканы бұзу және кемсітушілік деп бағалаған. Ол корпоративтік кештің тоқтатылу себебі ретінде «Жаңа жыл мұсылман мерекесі емес» деп көрсетілгенін атап өтті.
«Жаңа жыл Қазақстандағы мемлекеттік мереке болып табылады. Ел зайырлы, дін мен мемлекет бөлек. Мәселе тәттілерде немесе кеште емес, екіжүзділік пен қос стандартта», – деп жазды ол.
Сондай-ақ азамат жеке діни көзқарастың Еңбек кодексін, компанияның жарғысын және кәсіби нормаларды алмастырмауы керегін ескертті.
Руслан Берденов бұл мәлімдемелерді жоққа шығарып, жарияланған ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін атап өтті.
«Мен үшін Жаңа жыл ең алдымен отбасылық мейрам. Бұл жақындарымызбен бірге болып, өткен жылға қорытынды жасап, бір-бірімізге алғыс айтып, алдағы жоспарларымызды айқындайтын сәт. Діни себеппен мерекені атап өтуден бас тарту, корпоративтерді немесе жаңа жылдық сыйлықтарды алып тастау туралы ешқандай шешім қабылданған жоқ және ондай шешім қабылдануы да мүмкін емес», – деді ол.
Сонымен қатар Берденов хабарлама авторына қатысты тексеріс жүргізілетінін мәлімдеді.
RUS