SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне берген ауқымды сұхбатында Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей президенті Владимир Путиннің Мәскеудегі кездесулеріне қатысты көзқарасын айтты.
Мемлекет басшысының айтуынша, мұндай кездесулер жүйелі түрде өтсе де, бейресми сипатқа ие.
Сұхбат барысында журналист Жаңа жыл қарсаңында Кремльде өткен Назарбаев пен Путиннің кезекті кездесуінен кейін қоғамда түрлі пікір мен алыпқашпа әңгіме тарағанын еске салды. Атап айтқанда, Қазақстандағы 2029 жылғы билік транзиті туралы болжамдар айтылып, Тұңғыш президент бұл үдерісте Ресей басшысының қолдауымен ерекше рөл атқарғысы келеді деген қауесет тараған. Осыған байланысты Тоқаевтан аталған «саммиттерге» шынайы көзқарасы сұралды.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл кездесулердің бейресми екенін нақтылады.
Оның айтуынша, Санкт-Петербургте өткен соңғы жүздесуде Владимир Путин Назарбаевты оның жеке өтініші бойынша қабылдайтынын өзі айтқан.
Президент Ресей басшысының адаммен тіл табыса білетін қасиетіне тоқталып, оның тығыз жұмыс кестесіне қарамастан сенбі күні Қазақстанның Тұңғыш президентімен асықпай әңгімелесуге уақыт бөлгенін атап өтті. Владимир Путин Нұрсұлтан Назарбаевты Еуразиядағы ықпалдастық үдерісінің бастауында тұрған тәжірибелі саясаткер ретінде бағалайтынын да жеткізді.
Сонымен қатар Тоқаев Кремльде өткен кездесудің мазмұнына қызықпайтынын ашық айтты.
«Ондай әңгімелер барысында не айтылғаны маған қызық емес, бұл туралы ешқашан сұрақ қоймаймын», — деді президент.
Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи рөліне тоқталған мемлекет басшысы оны қазіргі қазақ мемлекеттігінің негізін қалаған тұлға деп санайтынын тағы да қайталады. Оның мемлекеттік институттарды қалыптастыруға, нарықтық экономиканы дамытуға және жаңа астананы салуға қосқан үлесі баршаға белгілі екенін атап өтті.
Президенттің айтуынша, Қазақстан Әділдік, Заң және Тәртіп қағидаттарына сүйенген мемлекет болуы тиіс, сондықтан әр азаматтың еңбегі, лауазымы мен мәртебесіне қарамастан, әділ бағалануы қажет. Бұл талап елдің Тұңғыш президентіне де бірдей қолданылады.
RUS