Бұрынғы Мәжіліс депутаты өмірден өтті
Мәжілістің бірінші шақырылым депутаты болған Кемал Әбіләкімов қайтыс болды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 4 қаңтарда 84 жасқа қараған шағында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің бірінші шақырылымының депутаты, мемлекет және қоғам қайраткері Кемал Әбіләкімов өмірден озды. Ол әр жылдары Алматы қаласы мен Алматы облысының мемлекеттік органдарында, сондай-ақ төтенше жағдайлар жүйесінде жауапты қызметтер атқарған.
Кемал Әбіләкімов 1942 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Жоғары білімді Ростов ауыл шаруашылығы машиналарын жасау институтында алған. Еңбек жолын студенттік кезінен бастап, Ростов машина жасау зауытында токарь болып бастаған. Кейін Алматы ауыр машина жасау зауытында инженер, аға инженер қызметтерін атқарды.
1984 жылдан бастап оның кәсіби қызметі Алматы қаласының басқару құрылымдарымен тығыз байланысты болды. Ол шамамен он жыл бойы қалалық атқару комитетінің күрделі құрылыс басқармасын басқарып, ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға жетекшілік етті. 1993–1995 жылдары жергілікті басқару жүйесі қайта құрылып жатқан кезеңде Алматы қаласының Октябрь ауданын әкімі ретінде басқарды.
1995 жылы Кемал Әбіләкімов Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің бірінші шақырылымына депутат болып сайланды. 1995–1999 жылдары төменгі палатада сайлаушылардың мүддесін қорғап, Экономика, қаржы және бюджет комитетінің құрамында жұмыс істеді. Ол тәуелсіз Қазақстанның заңнамалық негізін қалыптастыруға қатысқан алғашқы парламентарийлердің бірі болды.
1999–2001 жылдары Алматы облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. Ал 2001–2003 жылдары Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар агенттігінде жедел әрекет ету және азаматтық қорғаныс департаментін басқарды.
Кейінгі жылдары құрылыс саласында еңбек етіп, «Базис-А» құрылыс корпорациясында вице-президент қызметін атқарды.
Замандастары мен әріптестері Кемал Әбіләкімовті кәсіби тәжірибесі мол, мемлекеттік басқарудың түрлі деңгейінен өткен, тәуелсіз Қазақстанның алғашқы саяси элитасының өкілі ретінде еске алады.
Материал авторы