Қазақстан футбол құрамасының бұрынғы ойыншысы Марат Есмұратов өмірден өтті
Футболшы жүрек талмасынан қайтыс болғаны айтылды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстан құрамасы мен отандық бірқатар клубтардың бұрынғы ойыншысы, «Қайрат» командасының экс-футболисі Марат Есмұратов 65 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Бұл туралы Kazinform агенттігі жазды.
Марат Есмұратов Қызылорда футбол мектебінің түлегі. Кәсіби мансабын 1979 жылы бастаған. Әр жылдары «Мелиоратор», «Қайрат», «СКИФ-Ордабасы», «Ақтөбе», «Мұнайшы» клубтарында, сондай-ақ Ресейдің «Машук» командасында өнер көрсетті.
Ол кеңестік кезеңде де, тәуелсіз Қазақстан футболы дәуірінде де алаңға шыққан санаулы ойыншылардың бірі. Қазақстан ұлттық құрамасының сапында 7 матч өткізді. Қазақстан Премьер-лигасында 265 ойынға қатысып, 6 гол соққан. 2001 жылы туған қаласының «Қайсар» клубында футболшы ретіндегі мансабын аяқтады.
Ойыншылық жолын тәмамдаған соң бапкерлік қызметке бет бұрды. «Қайсар», «Ақ бұлақ», Алматыдағы СДЮШОР №2, «Жетісу», «Алтай» командаларында жұмыс істеді. Сонымен қатар «БТА Футзал» клубында да тәлімгер болды.
Марқұм Марат Есмұратов Қызылорда қаласында көз жұмған. Алдын ала мәлімет бойынша, өлімнің себебі — жүрек талмасы.
Материал авторы