SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Түркістан облысы Кентау қаласында жаңа жыл түні болған жарылыс 18 жастағы бойжеткеннің өмірін қиды. Қайғылы оқиғадан кейін марқұм Дана Сағынғалиқызының туыстары қоғамдық тамақтану орнын басқарған кәсіпкердің қатаң жазаға тартылуын талап етіп отыр. Олардың айтуынша, қайғылы жағдайға өрт және газ қауіпсіздігі талаптарының өрескел сақталмауы себеп болған.
Қайғылы оқиға 1 қаңтарға қараған түні қаланың қақ ортасында, көпқабатты тұрғын үйдің төменгі қабатында орналасқан қымызханада болған. Сол түні мекемеде газ баллоны жарылып, бес адам күйік жарақатын алған. Сол жерде жұмыс істеген 18 жастағы Дана Сағынғалиқызы ауыр жарақаттан оқиға орнында көз жұмды. Қазір тағы төрт зардап шегуші ауруханада ем қабылдап жатыр, олардың екеуінің жағдайы ауыр.
Марқұмның туыстарының айтуынша, Дана оқиғадан шамамен бір сағат бұрын жұмыстан кетуі тиіс болған. Алайда басшылық «жұмыс қызу жүріп жатыр» деген уәжбен оны жібермеген.
Марқұмның туысы Гүлжамал Сержанованың сөзінше, газдың иісі шығып тұрғанын бірнеше адам ескерткен.
«Мамасы мен сіңлісі тамақ алып келгенде газдың шығып тұрғанын айтқан. Сол жерде басқа адамдар да бірнеше рет ескерту жасаған. Бірақ ешқандай шара қолданылмаған. Ақша үшін қауіпсіздік ескерілмеді. Соның кесірінен бір отбасын қара жамылдырды», — дейді ол.
Дана Сағынғалиқызы бұл жұмысқа небәрі бір ай бұрын орналасқан. Екінші курс студентін жер қойнына тапсырған жақындары кінәлілер жауапсыз қалмауы керек деп отыр.
Марқұмның тағы бір туысы Жандос Аймұрзаевтың айтуынша, тексеріс тым кеш басталған.
«Алдын алу керек еді. Енді ғана тексеру басталды. Міндетті түрде адам өлуі керек пе? Біз мұны кешіре алмаймыз. Жауапты тұлғалар заң алдында жауап беруі тиіс», — дейді ол.
Жарылыс болған қоғамдық тамақтану орнының аумағы қазір темір тормен қоршалған. Ғимараттың зақымданған тұстары жабылғанымен, жоғары қабаттардағы сынған терезелер дүмпудің қаншалықты күшті болғанын аңғартады.
Кентау қаласы әкімінің орынбасары Бауыржан Әбенұлының айтуынша, жарылыстың алдын ала себебі анықталған.
«Газ баллоны жарылған. Қауіпсіздік талаптары сақталмаған. Қазір іс қозғалды. Зақым келген пәтерлердің терезелері қалпына келтіріледі», — деді ол.
Оқиғадан кейін облыс әкімінің тапсырмасымен жедел штаб құрылып, тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әкімдік өкілдері зардап шеккен тұрғын үйлер толық қалпына келтірілетінін мәлімдеді.
RUS