«Әкем ұйықтап жатыр»: Ақмола облысында жол жиегінде жалғыз жүрген төрт жасар бала табылды
Төрт жастағы бала үйінен шығып кетіп, тасжол бойында табылған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақмола облысында жол жиегінде небәрі төрт жастағы бала жалғыз жүрген күйінде табылды. Оқиға 4 қаңтар күні түске таман Щучинск қаласында тіркелген.
Жергілікті жүргізуші айналма жол бойында, Көтеркөл ауылына апаратын бағытта кішкентай баланың жалғыз келе жатқанын байқап, дереу патрульдік полицияға хабар берген. Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері баланы қауіпсіз жерге алып шықты.
Бала қатты қорқып, абдырап қалған. Тәртіп сақшылары оны сабырға шақырып, жылытқан. Алайда бала өзі туралы мардымды ақпарат бере алмаған: тек есімін айтып, «анам жұмыста, әкем ұйықтап жатыр» деген.
Табылған бала туралы ақпарат жедел түрде қаладағы барлық полиция бөлімшелеріне таратылды. Осы уақытта полицейлер баланы жылытып, тыныштандырып, ұйықтатты. Іздеу жұмыстары үздіксіз жүргізілді.
Екі сағаттан кейін баланың туыстары анықталды. Артынша оның ағасы келіп, баланы алып кетті. Тергеу барысында белгілі болғандай, әкесі жұмысқа кетер алдында баланы әпкесіне қалдырған. Алайда ол ұйықтап қалған, ал бала өз бетімен киініп, үйден шығып кеткен.
Полиция баланы байқап қалған Chevrolet Cobalt жүргізушісіне алғыс білдірді. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, жүргізушінің қырағылығы ауыр салдардың алдын алуға мүмкіндік берген.
Материал авторы