1503

Жангелдиндегі жоғалған отбасы: марқұмдардың екінші қызын камера жанармай бекетінде тіркеген

Ұлы ұзақ уақыт бойы хабарласпай, тек хабарламамен байланысқа шығып жүрген.

Жангелдиндегі жоғалған отбасы: марқұмдардың екінші қызын камера жанармай бекетінде тіркеген
Коллаж NUR.KZ

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырау облысында бір отбасының жоғалуына қатысты іс күрделене түсті. 6 қаңтар кешке полиция жоғалған ерлі-зайыптының мәйіттері табылғанын растады. Ал олардың екінші қызы қараша айында көрші аудандағы жанармай құю бекетінде бейнекамераға түскені белгілі болды.

Оқиға Қызылқоға ауданына қарасты Жангелдин ауылында тіркелген. Бұл елді мекенде зейнеткер Мақсот Мұқанғалиев, оның жұбайы Нәсіп Өтешқалиева және ересек балалары — 35 жастағы Мейрамгүл мен 33 жастағы Наурыз жоғалып кеткен. Ауылдан шамамен 400 шақырым қашықтықта орналасқан бұл елді мекен соңғы екі айда құпияға толы оқиғаның ортасына айналды.

Телеарна журналистері ауыл тұрғындарымен сөйлескен. Көршілер отбасының жоғалуына дейін ешқандай күмәнді жайт байқалмағанын айтады.

«Өте момын, еңбекпен күн көрген адамдар еді. Екі зейнеткер, балаларының екеуі де мүгедектігі бар. Ешкім күдіктенген жоқ. Тек туыстары полицияға арыз бергенде ғана білгенбіз. Қазірге дейін ешкім нақты ештеңе айта алмай отыр», — дейді ауыл тұрғыны Үсен Жолдасұлы.

Туыстарының айтуынша, бастапқыда отбасының ұлы Наурыз байланысқа шығып отырған. Ол WhatsApp арқылы анасының ауырып қалғанын айтып, мал сататынын хабарлаған.

«Неге бірден іздемедіңдер деп жазады жұрт. Бірақ Наурыз бізге хат жазып тұрды. Мал сатамын деді, ақша керек екенін айтты. Бірақ бірде-бір рет дауыс хабарлама да, бейнеқоңырау да болмады — тек мәтін», — дейді туысы Шалқар Мұқанғалиев.

Ал марқұмның қарындасы Фаризат Кенжеғалиева желтоқсан айының ортасында күмәндана бастағанын айтады.

«Ағам ешқашан малын қараусыз қалдырмайтын. Бір жаққа кетсе, міндетті түрде ескертетін. 14 желтоқсанда күмәнді сездім. Бұған дейін ұлы анасын емдеуге апардым деп айтқан», — дейді ол.

Полицияның мәліметінше, 5 қараша күні марқұм ерлі-зайыптының тағы бір қызы таксимен үйден шығып кеткен. Кейін ол Индер ауданындағы жанармай құю бекетінде бейнебақылау камерасына түскен. Бұл әйел күйеуі мен балаларымен бөлек тұрған.

Ал ата-анасы мен екі ересек баласының қайда кеткені ұзақ уақыт белгісіз болды. Іздеу жұмыстары кең ауқымда жүргізілді, су астына дейін тексерілді.

«Іздеу Шәдіман түбек, Бесмола, Бірмола аумақтарында 20 шақырым радиуста жүргізіліп жатыр. Қарасу аумағы да қаралуда. Су айдындарында сүңгуірлер мен суасты дроны жұмылдырылды», — деді Атырау облысы ТЖД басқарма бастығы Жантөре Демешов.

Телеарнаның хабарлауынша, бейнекамераға түскен қыз бен оның жұбайы ел аумағынан Өзбекстанға шығып кеткен. Сонымен қатар кей кездері отбасы басшысының ұялы телефоны да белсенді болып отырған.

Бұған дейін отбасының жоғалуына қатысты іс Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» бабы бойынша қайта сараланған. Тергеу жалғасуда. Құқық қорғау органдары әлі де екі адамды іздестіріп жатыр

Материал авторы