SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтауда көпқабатты үйлердің біріндегі пәтерде өрт шығып, мысықтың дер кезінде белгі беруінің арқасында анасы мен екі баласы аман қалды. Оқиға 4-шағынауданда орналасқан тұрғын үйде болғпн.
Lada.kz мәліметінше, өрт жылытқышты қауіпсіздік талаптарын сақтамай қолдану салдарынан шыққан. Таңертең ерте, үй ішіндегілер ұйықтап жатқан кезде, кіші бала өздігінен электр жылытқышты қосқан. Әйелдің айтуынша, балаларға өрт қауіпсіздігі ережелері үнемі түсіндірілгенімен, қауіп толықтай алдын алынбаған.
Тұрғындардың сөзінше, көптеген азаматтар электр жылытқышты ұзартқышқа қосуға болмайтынын біле бермейді.
«Ұзартқыштың сымы қуатты электр құрылғыларына арналмаған. Бұл – өрт қауіпсіздігінің ең негізгі ережелерінің бірі», – деді көршілердің бірі.
Шешуші сәтте үйдегі мысық түтінді бірінші болып сезіп, мазасызданып, балаларды оятқан. Балалар электр қалқанындағы негізгі ажыратқышты тауып, жарықты өшірген. Өртті анасы киініп үлгергенше, өздері сумен сөндіріп үлгерген.
Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. Алайда пәтердегі кейбір мүлік зақымданған. Әйел бұл жағдайды үйдегі жылу мәселесі әлі шешілмеген кезде, өзгелерге сабақ болсын деген мақсатта жария еткенін айтты.
RUS