Енді малшылар ерте зейнетке шығуы мүмкін
Мал бағатын жандарға зейнет жасын төмендету және жеңілдіктер қарастырылып жатыр.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда мал шаруашылығында еңбек ететін азаматтар үшін ерте зейнетке шығу мүмкіндігі қарастырылуы мүмкін. Мұндай норма Ауыл шаруашылығы министрлігі әзірлеген алдағы бес жылға арналған мал шаруашылығын дамыту стратегиясында көзделген.
Ведомствоның мәліметінше, құжат Қоғамдық кеңестің қолдауына ие болған және әдеттегі субсидиялау тетіктерінен әлдеқайда кең. Стратегия ауылдардағы кадр тапшылығын азайту үшін әлеуметтік қолдау мен жеңілдетілген қаржыландыруды қатар қамтиды.
Негізгі жаңашылдықтардың бірі – малшылар мен шопандардың еңбегін ауыр еңбек ретінде ресми мойындау. Осыған байланысты отарлы мал шаруашылығында жұмыс істейтін азаматтарға бірқатар әлеуметтік жеңілдік ұсынылып отыр.
Атап айтқанда, малшылар үшін:
– зейнетке шығу жасын төмендету;
– фермада еңбек ететін жас мамандарды әскерге шақырудан босату;
– балаларға арналған білім беру жеңілдіктері, соның ішінде жоғары оқу орындарына грант бөлу кезінде басымдық беру;
– малшылар отбасыларына арнап тұрғын үй салуды субсидиялау қарастырылған.
Сонымен қатар агробизнеске қаржылық қолдау көрсету мақсатында «Даму» қоры арқылы жеңілдетілген несие бағдарламасы іске қосылады. Фермерлер асыл тұқымды мал сатып алу үшін 6 пайызбен ұзақ мерзімді несие ала алады. Ал жем-шөп, жанармай және ветеринарлық препараттар сияқты күнделікті шығындарға 5 пайыздық мөлшерлеме ұсынылады.
Министрліктің хабарлауынша, стратегия нарық өкілдерімен бірлесіп әзірленген. Жұмыс тобы кәсіпкерлер мен ғалымдардан түскен 150-ден астам ұсынысты талдаған.
«Біздің ұсыныстар ескерілгенін көріп отырмыз. Бұл жоспар агроөнеркәсіп кешенін тұрақты дамытуға негіз болады және нақты еңбек етіп жүрген азаматтарға жүйелі қолдау көрсетеді», – деді QazaqSut республикалық палатасының төрағасы Азамат Сағынбаев.
Материал авторы