SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы қаласында мешіттерде ұрлық жасаған күдікті анықталып, қолға түсті. Бұл туралы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Тергеу мәліметінше, ер адам қылмысты намаз уақытында жасаған. Ол жамағаттың алаңсыз қалған сәтін пайдаланып, мешітке келген азаматтардың ұялы телефондары мен әмияндарын және өзге де жеке заттарын жасырын түрде ұрлаған.
Алатау аудандық полиция басқармасының бастығы Еділхан Байғараевтың айтуынша, құқық қорғау органдары үшін адамдар көп жиналатын орындарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету — басты міндеттердің бірі.
«Мұндай әрекеттер тек материалдық шығын келтіріп қана қоймай, қоғамның рухани және моральдық құндылықтарына нұқсан келтіреді. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде күдікті ұсталды. Әрбір дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр», — деді ол.
Қазіргі уақытта күдіктінің бірнеше ұрлық дерегіне қатысы анықталған. Сонымен қатар оның басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.
RUS