Жамбыл облысында уланған 12 оқушы: Дүкен иесі жазаланды
Тағамнан ішек таяқшалары анықталған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Жамбыл облысында 12 оқушының жаппай улануына байланысты қозғалған іс сотта қаралып, дүкен иесіне әкімшілік жаза тағайындалды. Бұл туралы Жамбыл облыстық соты мәлімдеді.
Тараз қаласының мамандандырылған әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі соты Байзақ ауданында орналасқан дүкеннің жеке кәсіпкеріне қатысты істі қараған. Ол санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды бұзып, адам денсаулығына зиян келтірді деп танылды.
Сотта анықталғандай, 2025 жылдың қараша айында аталған дүкенде сатылған тағамды тұтынғаннан кейін 12 мектеп оқушысы улану белгілерімен медициналық мекемеге жеткізілген.
Жоспардан тыс тексеру барысында санитариялық-эпидемиологиялық қызмет тағам өнімдерінен ішек таяқшалары тобына жататын бактерияларды анықтаған. Бұл өнім дайындау кезінде санитарлық нормалардың өрескел бұзылғанын көрсетеді.
Кәсіпкер әйел кінәсін жартылай мойындап, бір мезетте 12 баланың улануы мүмкін емес екенін алға тартқан. Оның айтуынша, дүкенге күніне небәрі үш бургер ғана жеткізілген.
Алайда сот бұл уәждерді негізсіз деп таныды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мұндай құқық бұзушылық үшін шағын бизнес субъектілеріне 460 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салу және қызметін тоқтату көзделген.
Сот қаулысымен жеке кәсіпкер ӘҚБтК-нің 425-бабының 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 30 пайызға қысқартылған, 1,2 миллион теңгеден асатын айыппұл салынды. Тоғыз қызметкердің табыс көзінен айырылып қалмауын ескере отырып, сот қосымша жаза ретінде дүкен қызметін тоқтатуды қолданбады.
Сот шешімі заңды күшіне енді.
Материал авторы