Шымкентте 21 жастағы қызды көшеде пышақтап кетті
Қыз пышақ жарақатынан қайтыс болды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 11 қаңтар күні Шымкент қаласында 21 жастағы бойжеткен пышақ жарақатынан көз жұмды. Қылмыстың болғанын қала полициясы ресми түрде растады. Бұл туралы Otyrar.kz жазды.
Полиция мәліметінше, марқұмның өліміне қатысы бар деген күдіктінің жеке басы анықталған. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдіктіні ұстауға бағытталған жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр.
Құқық қорғау органдарының хабарлауынша, алдын ала мәліметтер бойынша күдікті марқұм қызбен бұрын таныс болған.
«Күдіктінің жеке басы анықталды. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, ол марқұммен таныс болған. Қазір оны ұстау және қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін барлық қажетті жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілуде», – делінген полиция хабарламасында.
Otyrar.kz порталы таратқан бейнежазбада тәртіп сақшыларының қолында бейнебақылау камераларынан алынған жазбалар бар екені көрінеді. Алдын ала болжам бойынша, қылмыс көшеде жасалған болуы мүмкін.
Полиция өкілдері тұрғындарды тек ресми дереккөздерге сенуге және расталмаған ақпаратты таратпауға шақырды. Тергеу жалғасып жатыр.
Материал авторы