744

Атырауда емделуге келген ер адам үш күннен бері табылмай жатыр

Ер адамның Жайық жағасынан заттары табылған.

Атырауда емделуге келген ер адам үш күннен бері табылмай жатыр
туыстары ұсынған

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырауда ем алу үшін келген 59 жастағы ер адам үшінші тәулік қатарынан табылмай жатыр. Жоғалған Талғат Назаровты іздеу жұмыстары жалғасып жатқанымен, әзірге нақты нәтиже жоқ.

Ер адам ауылдан Атырауға арнайы емделу мақсатында келген. Алайда ауруханаға бет алғаннан кейін жақындарымен байланыс үзілген. Туыстарының айтуынша, Назаров қаланы мүлде білмейді және бұл өңірде бұрын-соңды ұзақ уақыт болмаған. Осы жағдай іздеу жұмыстарын күрделендіріп отыр.

Іздеу барысында әзірге бір ғана дерек анықталған. Кеше Жайық өзенінің жағасынан ер адамның ұялы телефоны мен бас киімі табылған. Заттарды туыстары таныған. Алайда осы олжадан кейін де ер адамның қайда екені белгісіз күйінде қалып отыр. Табылған заттардан соң іздеу шаралары күшейтілгенімен, жаңа іздер шықпаған.

Жоғалған адамның денсаулығы да алаңдаушылық тудырып отыр. Ұлының айтуынша, Талғат Назаров эпилепсия дертімен ауырады. Кез келген сәтте ұстама болып, бағыт-бағдарды жоғалтуы немесе шұғыл медициналық көмекке мұқтаж болуы мүмкін.

«Әкем қаланы мүлде білмейді, мекенжайды шатастырып алуы әбден мүмкін. Эпилепсиясы бар, жағдайы бізді қатты алаңдатады. Үш күн болды, әлі таба алмай отырмыз», – деді ұлы Мақсат Таубаев.

Отбасы іздеу жұмыстарына тартылған күштің жеткіліксіз екенін айтып отыр. Олардың сөзінше, полиция қызметкерлері аз, ал құтқарушылар мен төтенше жағдайлар қызметінің мүмкіндігі толық пайдаланылмай жатыр. Туыстары іздеуге қосымша адам күші мен техниканы жұмылдыруды сұрайды.

Жақындары Талғат Назаровты көрген немесе оның жүрген жері туралы қандай да бір мәліметі бар азаматтарды полицияға хабарласуға шақырады.

Материал авторы