408

Ақтауда полицейлер қыста Каспийге түскен жасөспірімді құтқарды (ВИДЕО)

Ақтауда тәртіп сақшылары жасөспірімді өлім аузынан алып қалды.

Ақтауда полицейлер қыста Каспийге түскен жасөспірімді құтқарды (ВИДЕО)
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтауда полицейлер қыстың қақаған аязында Каспий теңізіне кіріп кеткен жасөспірімді құтқарды. Оқиға 12 қаңтар күні қала жағалауында болғанын Маңғыстау облыстық полиция департаменті хабарлады.

Полиция мәліметінше, бүгін жағалау аумағында қызмет атқарып жүрген тәртіп сақшыларына бір жасөспірімнің теңізге қарай тез жүріп кіріп, айналасындағылардың ескертулеріне жауап қатпай жатқаны туралы хабар түскен. Ақпарат түсе сала оқиға орнына жедел жеткен патрульдік полиция қызметкерлері жағдайдың өмірге нақты қауіп төндіріп тұрғанын анықтаған.

Патрульдік полиция инспекторлары Абдурахим Сатешов пен Азамат Қарабалаев жеке қауіпсіздігін ойламай, қыс мезгіліне қарамастан теңізге кіріп, жасөспірімді жағаға алып шыққан. Осылайша олар кәмелетке толмаған баланың өмірін сақтап қалды.

Қазіргі таңда жасөспірімнің жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланып отыр, өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ. Онымен профилактикалық әңгіме жүргізіліп жатыр.

Полиция департаменті мұндай жағдайлардың алдын алу үшін ата-аналар мен тұрғындарды жасөспірімдердің қауіпсіздігіне бейжай қарамауға шақырды.

Материал авторы