Жангелдиндегі жоғалған отбасы: қаза тапқан ерлі-зайыптыны пышақтап өлтірген
Полиция марқұмдардың денесінен шаншып-кесілген жарақаттар анықталғанын растады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырау облысы Қызылқоға ауданы Жангелдин ауылында ерлі-зайыптыларды өлтірді деген күдікпен іздеуде жүрген марқұмдардың күйеу баласы Сұлтан Сәрсемәлиев халықаралық іздеуге жарияланды. Сонымен қатар полиция күдіктінің жұбайы, қаза тапқан отбасының қызы Ақбаян Мұқанғалиеваны да іздестіріп жатыр. Ол іс бойынша хабар-ошарсыз кеткендер қатарында.
Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулеттің айтуынша, халықаралық іздеудің нақты бағыттары жария етілмейді.
— Халықаралық іздеудің қай елдерде жүргізіліп жатқаны туралы ақпаратты жариялай алмаймыз. Мұндай мәлімет тергеу барысына кедергі келтіруі мүмкін. Іздеу әлемнің барлық елдерін қамтиды, — деді ол.
Күдіктілерді ұстау үшін арнайы жедел-іздестіру топтары құрылған. Олар қолға түскен жағдайда жәбірленушілердің туыстары мен бұқаралық ақпарат құралдарына ресми түрде хабарланады.
Полиция дерегінше, жәбірленушілердің телефондары мен SIM-карталары әртүрлі уақытта Қазақстанның түрлі өңірлерінде тіркелген. Осы мәліметтер негізінде іздестіру шаралары жүргізілген. Сонымен қатар әлеуметтік желілерде Мейрамгүл Қарабалинаның мәйіті табылды деген қауесеттер тараған. Атап айтқанда, дене септиктерден немесе шұңқырлардан табылды деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді.
— Қазіргі уақытта полиция соңғы айларда олардың қала аумағында болуы мүмкін деген орындарды тексеріп, іздеу жұмыстарын жалғастырып жатыр, — деді департамент өкілі.
Полиция Мейрамгүл Қарабалинаның Атырау қаласындағы бейнебақылау камераларына түскенін растады. Алайда тергеу мүддесіне байланысты нақты қандай камералар және қандай әрекеттер тіркелгені айтылмайды.
Әлеуметтік желілерде ерлі-зайыптыларды тұншықтырған немесе өзге де дене жарақаттары салынған деген түрлі ақпарат тараған. Алайда сот-медициналық тексеру барысында марқұмдардың денесінен пышақпен салынған жарақаттар анықталған.
— Бұл — шаншып-кесілген жарақаттар. Мәйіттер сот-медициналық сараптамаға жіберілді. Қорытынды нәтижелер қаза болу себептерін, жарақаттардың нақты түрін және қылмыстың жасалған уақытын анықтауға мүмкіндік береді, — деді Мейірім Ердәулет.
Сондай-ақ тергеу барысында бейнебақылау жазбалары мен жедел шаралар арқылы марқұмдардың зейнетақы шоттарынан қаражаттың қай жерде және кімдер тарапынан алынғаны анықталған.
Соңғы мәліметтерге сәйкес, Наурыз Мұқанғалиевтің телефоны 6 қаңтардан бастап сөндірілген. Қазіргі уақытта жәбірленушілердің телефондарын және SIM-карталарын іздеу жалғасуда.
Еске салсақ, Жангелдин ауылында тұрған отбасы 2025 жылдың соңында белгісіз жағдайда жоғалып кеткен. 6 қаңтарда шаруашылық құрылыстың аумағынан отбасы басшысы Мақсот Қарабалин мен оның жұбайы Нәсіп Өтешқалиеваның мәйіттері табылды. 9 қаңтарда олардың күйеу баласы Сұлтан Сәрсемәлиев кісі өлтіру ісі бойынша күдікті ретінде іздеуге алынғаны ресми түрде жарияланды.
Қазіргі уақытта осы отбасының екі баласы — Мейрамгүл Қарабалина мен Наурыз Мұқанғалиев әлі табылған жоқ. Іздеу шаралары жалғасып жатыр.
Материал авторы