Шымкентте 21 жастағы студент қызды пышақтап өлтірді деген күдікті ұсталды (ВИДЕО)
Күдікті Шымкенттен 10 шақырым жерден табылды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шымкентте 21 жастағы студент қыздың өліміне қатысты күдікті қолға түсті. Ақпаратты қала полиция департаменті растады.
Полицияның мәліметінше, жедел-іздестіру шаралары барысында 28 жастағы қала тұрғыны ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Күдіктіні іздеуге Шымкент қалалық полиция департаментінің барлық жеке құрамы жұмылдырылған.
«Жедел-іздестіру іс-шаралары кезінде 21 жастағы Шымкент тұрғынының өліміне күдікті азамат анықталып, ұсталды. Қалаға кіріп-шығатын бағыттар күшейтілді, аумақ толық тексерілді. Күдікті қала шетінен шамамен 10 шақырым қашықтықтағы ашық аумақта қолға түсті», – деп хабарлады полиция.
Алдын ала деректерге сәйкес, ұсталған азамат марқұм қыздың танысы болған. Қылмыстың себептері мен нақты мән-жайын тергеу анықтайды.
Еске салсақ, 11 қаңтар күні Шымкентте 21 жастағы студент Нұрай Серікбай пышақ жарақатынан қаза тапқан. Қайғылы оқиға Толеметов пен Өтегенов көшелерінің қиылысында болған. Видеожазбада қыздың қашуға тырысқаны, қарсылық көрсеткені, ал күдіктінің оны соққыға жығып, пышақтағаны көрінеді. Оқиғадан кейін ол ізін суытқан.
Марқұм ата-анасымен бірге қылмыс орнына жақын маңдағы көпқабатты үйде тұрған. Отбасындағы кенже бала болған, екі ағасы бар. Жақындары мәйітті Түркістан облысындағы Төрткүл ауылына алып кеткен.
Аталған дерек бойынша «Адам өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жалғасып жатыр.
Материал авторы