SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтөбеде қала сыртындағы демалыс базасында сырғанақ тебу 8 жастағы қыз бала үшін ауыр жарақатпен аяқталды. Қысқы ойын кезінде бала бұғана сүйегін сындырып алған.
Оқиға демалыс күндері болған. Алдын ала мәліметке сәйкес, қыз бала тюбингпен сырғанап келе жатқан сәтте басқа бір бала жоғары жылдамдықпен соқтығысқан. Соққының салдарынан жәбірленуші бірнеше метрге ұшып кеткен. Ата-анасы оны дереу ауруханаға жеткізген, дәрігерлер бұғана сүйегінің сынғанын растады.
Қазіргі таңда аталған дерек бойынша полиция «Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету» бабы бойынша қылмыстық іс қозғап, тексеру жүргізіп жатыр. Демалыс базасының әкімшілігі де ішкі тексеріс бастаған.
Базаның басқарушысы Инара Тоқсанбаева аумақта қауіпсіздік шаралары тұрақты бақылауда екенін айтады.
«Біздің базада қар трассаларында алты нұсқаушы тұрақты жұмыс істейді. Демалушыларға қауіпсіздік ережелері үнемі ескертіледі. Алайда ата-аналар тікелей келіп шағымданған жоқ, тек WhatsApp арқылы хабарлама жазылды. Қазір бейнебақылау камераларын қарап, нұсқаушылармен сөйлесіп, оқиғаның нақты қалай болғанын анықтаймыз», – деді ол.
Құзырлы органдар мен демалыс орнының әкімшілігі оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, алдағы уақытта мұндай жағдайлардың алдын алу шараларын қарастырып жатыр.
RUS