484

Қазақстан аспанында екі шетелдік ұшақтың қатысуымен ауыр оқиға тіркелді

Көлік министрлігі тергеу бастады.

Қазақстан аспанында екі шетелдік ұшақтың қатысуымен ауыр оқиға тіркелді
pixabay.com

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстан әуе кеңістігінде екі шетелдік әуе кемесінің қатысуымен ауыр авиациялық оқиға болды. Оқиға 2026 жылғы 10 қаңтарда Шымкент өңірлік диспетчерлік орталығының жауапкершілік аймағында тіркелген. Бұл туралы Көлік министрлігі мәлімдеді.

Министрліктің хабарлауынша, Астана уақытымен сағат 05:42-де Шымкент РДЦ-нің А2И секторында «Победа» әуекомпаниясына тиесілі PBD997 рейсі (Внуково – Самарқанд бағыты) мен «Uzbekistan Airways» әуекомпаниясының UZB9609 рейсіне (Термез – Мәскеу бағыты) қызмет көрсету барысында авиациялық оқиға орын алған.

Аталған жағдай Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2017 жылғы 27 шілдедегі №505 бұйрығымен бекітілген азаматтық және эксперименттік авиациядағы авиациялық оқиғалар мен инциденттерді есепке алу және тергеп-тексеру қағидаларының 25-қосымшасының 1-тармағына сәйкес «ауыр авиациялық инцидент» ретінде жіктелді. Бұл санаттағы оқиғалар міндетті түрде уәкілетті орган тарапынан тергелуге жатады.

Көлік министрлігі ауыр авиациялық инцидентті тергеу үшін арнайы комиссия құрылатынын хабарлады. Тергеу мерзімі комиссияны тағайындау туралы бұйрық шыққан сәттен бастап қорытынды есеп бекітілгенге дейін, әдетте, үш айдан аспайды. Қосымша зерттеу мен жұмыстар қажет болған жағдайда мерзім ұзартылуы мүмкін.

Материал авторы