Шымкентте 21 жастағы Нұрайды пышақтаған күдікті қызды бұрын еркінен тыс алып қашқан
Марқұм қыздың жақындары жағдай туралы жаңа деректерді айтты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шымкентте аса қатыгездікпен өлтірілген 21 жастағы студент Нұрай Серікбайды жерлеу Түркістан облысы Ордабасы ауданының Төрткүл ауылында өтті. Қаралы жиынға жиналғандар марқұмның отбасына қайғыра көңіл айтты. Бұл туралы Otyrar арнасы жеткізді.
Нұрай мектепті үздік аяқтап, Алматыда «Сән және дизайн» мамандығы бойынша білім алған. Сессиясын тапсырып, қысқы демалысқа ата-анасының үйіне келген. Күдіктімен өткен жылдың жазында танысқан. Көп ұзамай жігіт оған үйлену туралы ұсыныс жасағанымен, қыз одан бас тартқан.
2025 жылдың қазан айында күдікті Нұрайды өз еркінен тыс алып қашқан. Полицияның көмегімен туыстары қызды жігіттің үйінен алып шығып, қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ресми арыз жазған. Кейін Нұрай жігітті кешіріп, ол енді мазаламайтынына уәде берген. Алайда туыстарының айтуынша, қудалау мен қорқыту тоқтамаған.
«Ол телефон арқылы қорқытып, үйдің маңында аңдып жүрді. Осыдан кейін ата-анасы прокуратура мен полицияға жүгінді. Бірақ ешқандай нақты шара қолданылмады. Егер дер кезінде әрекет етілсе, психолог тартылса, бұл қылмыс та, адам өлімі де болмас еді», – дейді марқұмның туысы.
11 қаңтар күні Нұрай үйінен дүкенге ұн алуға шыққан. Сол сәтте күдікті оны үй маңында тосып тұрған. Қыз сөйлесуден бас тартып, кетпек болған кезде, жігіт артынан қуып жетіп, бірнеше рет пышақ сұққан. Жақындарының айтуынша, Нұрай кемінде жеті рет пышақ жарақатын алған, денесінде өзге де ауыр зақымдар болған.
«Дәстүр бойынша қызымызды жуып, ақтық сапарға лайықты түрде шығарып салғымыз келді. Бірақ ауыр жарақаттар оған мүмкіндік бермеді. Денесін көргенде есеңгіреп қалдық. Арқасынан жеті рет пышақталған», – дейді туыстары.
Марқұмның анасы қылмысты алдын ала жоспарланған, аса ауыр әрекет деп бағалап, қатаң жаза талап етті.
«Ақылды, алтын қызымнан айырылдым. Мұндай қатыгездікке барған адам кешірімге лайық емес. Оған ең ауыр жаза қолданылсын», – деді ол.
Полиция күдіктіні бір жарым тәуліктен кейін ұстады. 13 қаңтар күні Шымкент қалалық полиция департаменті 28 жастағы ер адамның 10 шақырым қашықтықта қолға түскенін хабарлады. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Қайғылы оқиға 11 қаңтар күні кешке Толеметов көшесіндегі тұрғын үй маңында болған. Қылмыс бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі «Адам өлтіру» бойынша қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Материал авторы