SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Мәжіліс отырысында Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы заң жобасы талқыланған кезде палата спикері Ерлан Қошанов Сауда және интеграция министрінің міндетін атқарушы Айдар Әбілдабековке қатаң ескерту жасады.
14 қаңтар күні депутаттар Мәжілісте «Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілетін тауарлардың шығу тегін айқындаудың үйлестірілген жүйесі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын қарады. Талқылау барысында халық қалаулылары келісім аясында рәсімдер қалай жүзеге асатыны жөнінде нақты сұрақтар қойды.
Алайда Сауда және интеграция министрінің міндетін атқарушы Айдар Әбілдабеков бірнеше рет жауаптарды жазбаша түрде беруге рұқсат сұрады. Ол бұл мәселелерге өзі куратор емес екенін алға тартты.
Бұл уәж Мәжіліс спикерінің наразылығын тудырды.
«Айдар Ахметбекұлы, министр іссапармен шетелде, ал сіз министрдің міндетін атқарып отырсыз. Депутаттар осы келісім аясында сұрақ қойып жатыр. Бұл – сіздердің күнделікті жұмыстарыңыз ғой. Оған қалай жауап бере алмайсыз? «Мен куратор емеспін» деп жауап беруге болмайды. Мұнда отырған өкіл қойылған сұрақтарға жауап беруге дайын болуы керек, әйтпесе келіп керегі жоқ бұл жерге», – деді Ерлан Қошанов.
Спикер мемлекеттік орган өкілдерінің парламенттік талқылауға толық дайындықпен келуі міндет екенін атап өтті.
RUS