Астанадағы балабақшада балаларға психологиялық қысым көрсетілді деген шағым түсті
Тәрбиеші «тәртіп бұзған» балаларды кезек-кезек бөлмеге кіргізіп, киімдерін шештірген.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанадағы №24 «Айналайын» мемлекеттік балабақшасының тәрбиеленушілерінің ата-аналары балаларға психологиялық және ар-намысты қорлайтын жазалау қолданылғанын мәлімдеді. Тиісті шағымды балабақша тәрбиеленушілерінің бірінің анасы Threads әлеуметтік желісінде жариялаған. Бұл туралы Liter.kz жазды.
Ата-ананың айтуынша, оқиға 2025 жылғы 30 сәуірде болған. Бала үйіне жылап келіп, тәрбиеші Н.-ның бейнебақылау камералары жоқ жатын бөлмеде балаларды қорлайтын тәсілдермен жазалағанын айтқан.
Шағымда көрсетілгендей, «тәртіп бұзды» делінген балаларды кезек-кезек бөлмеге кіргізіп, киімдерін шештірген, жөргек кигізіп, қолдарын жоғары көтертіп бірнеше минут бойы тұрғызған. Мұндай әрекеттер басқа балаларға да қолданылғаны айтылды.
Ата-ана баласының сөзінен кейін өзге тәрбиеленушілердің отбасыларымен байланысқа шыққанын жеткізді.
«Барлық балалар бір-бірінен тәуелсіз бірдей жайттарды айтып берді, егжей-тегжейін де, бір-бірінің атын да атады. Ешбір ата-ана балаларды өтірік айтуға бағыттаған жоқ», – делінген жарияланымда.
Ата-аналар бейнебақылау камераларындағы жазбаларды талап еткен. Олардың айтуынша, видеода балаларды бір-бірлеп жатын бөлмеге алып кеткені, күтушінің жөргек әкелгені, ал басқа қызметкерлердің қалған балаларды тыныш ұстауға тырысқаны көрінеді.
Балабақша әкімшілігінің әрекеті де ата-аналардың наразылығын туғызған. Шағым иелерінің сөзінше, мекеме меңгерушісі «арыз жазыңыздар, содан кейін қарастырамыз» деп, тәрбиешіні дереу жұмыстан шеттету мәселесін ата-аналардың өзіне жүктеген.
Ата-аналар бұл жағдайды тәрбиелік әдіс емес, психологиялық зорлық-зомбылық деп бағалап, аталған қызметкердің балалармен әрі қарай жұмыс істеуіне жол бермеуді талап етіп отыр.
Астана қаласының Білім басқармасы Liter.kz редакциясының сұрауына жауап беріп, балабақшаға арнайы комиссия жіберілгенін хабарлады.
«Қазіргі уақытта тексеру жүргізіліп жатыр. Қорытындысы бойынша қосымша ақпарат беріледі», – деп мәлімдеді басқарма өкілдері.
Ата-аналар құзырлы органдарды оқиғаға құқықтық баға беруге және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырды.
Материал авторы