Техникалық белгі дабыл қақты: Қызылордаға бағыт алған ұшақ Алматыға қайта қонды
Ұшақта ақау дабылы іске қосылып кеткен.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыдан Қызылордаға бағыт алған жолаушылар ұшағы әуеге көтерілгеннен кейін көп ұзамай кері қайтуға мәжбүр болды. Бұған бортта ықтимал ақау барын көрсеткен дабылдың іске қосылуы себеп болған.
Airbus A320 ұшағы КС985 рейсімен Қызылордаға бет алған. Алайда экипаж қауіпсіздік талаптарын басшылыққа алып, ұшақты Алматы әуежайына қайта қондыру туралы шешім қабылдаған. Компания өкілдерінің хабарлауынша, Қызылорда әуежайында қажетті техникалық мамандардың болмауы да осы шешімге әсер еткен.
«Экипаж Алматыға қайту жөнінде шешім қабылдады, себебі межелі әуежайда тиісті техникалық қызмет көрсету мүмкіндігі болмады», — деп мәлімдеді әуе компаниясының баспасөз қызметі.
Алматыда инженерлік қызмет ұшақты толық тексеріп шыққан. Тексеру нәтижесінде ешқандай ақау анықталмаған, содан кейін әуе кемесі қайта пайдалануға жіберілген.
Алайда кейін Алматыдағы қолайсыз ауа райына және Airbus NEO үлгісіндегі ұшақтарды пайдалануға уақытша шектеуге байланысты әуе компаниясы бортты ауыстыруға шешім қабылдады. Рейс FlyArystan әуе компаниясының ұшағымен орындалды.
Жолаушылар Қызылордаға жергілікті уақыт бойынша 02:34-те ұшып шыққан. Осылайша рейстің жалпы кідірісі 12 сағат 24 минутты құрады.
Материал авторы