602

Айдос Сарым Ресей пропагандисі Соловьёвке жауап берді

Депутат Владимир Соловьёвтің Орталық Азия елдеріне қатысты жасаған даулы мәлімдемесі үшін Қазақстанға кіргізбеу туралы ұсыныс тастады.

Айдос Сарым Ресей пропагандисі Соловьёвке жауап берді
SMARTNEWS.KZ коллажы

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Мәжіліс депутаты Айдос Сарым Каспий құбыр консорциумының (КҚК) нысандарына жасалған шабуылға қатысты пікір білдіріп, Украинаға ықпал ететін елдер оның соққы бағыттарын таңдауда жауапкершілік танытуына әсер етуі тиіс екенін айтты.

Ол бұл мәлімдемесін Мәжіліс кулуарында журналистердің сұрағына жауап бере отырып жасады. Депутаттың айтуынша, КҚК қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ең алдымен, консорциумның ірі акционері саналатын Ресейдің міндеті. Алайда Украинаға ықпал ете алатын өзге тараптар да жауапкершіліктен тыс қалмауы керек.

«Chevron — консорциумдағы ірі акционерлердің бірі. Украина АҚШ-тың қолдауына қатты тәуелді екенін бәріміз білеміз. Chevron — әлемдегі соңғы компания емес. Сондықтан АҚШ пен басқа да серіктестер Украинаға қысым жасап, соққы нысандарын таңдауда ойлануын талап етуі тиіс», — деді Айдос Сарым.

КҚК — Қазақстан мұнайының негізгі экспорттық бағыты. Бұл жүйе арқылы ел жыл сайын кемінде 60 миллион тонна мұнай шетелге шығарады. Консорциум Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кен орындарынан өндірілетін мұнайды тасымалдайды. Соңғы шабуылдар аясында Энергетика министрлігі КҚК арқылы мұнай экспортының азайғанын растады.

Айта кетейік, 29 қарашада Новороссийск портындағы КҚК-ның теңіз инфрақұрылымына дрондармен шабуыл жасалып, ВПУ-2 айлағы қатты зақымданған. Оның жұмысы жөндеу аяқталғанға дейін тоқтатылды. Кейінірек Қазақстан мұнайын тасымалдайтын танкерлерге де шабуыл жасалғаны белгілі болды.

Сонымен қатар Айдос Сарым ресейлік пропагандист Владимир Соловьёвтің мәлімдемелеріне де тоқталды. Оның айтуынша, мұндай сөздерге мемлекетаралық деңгейде тым әсіре жауап берудің қажеті жоқ.

«Егер сізді маса шақса, автоматпен атып жібермейсіз ғой», — деді депутат.

Ол Соловьёвтің ресми тұлға емес екенін, шешім қабылдайтын адам саналмайтынын атап өтті. Сондықтан жауапты журналистер мен сарапшылар беруі тиіс дейді.

«Егер ол мемлекеттік орган өкілі немесе депутат болса, басқа шаралар қолданылар еді. Ең қарапайым әрі жеткілікті шешім — оны Қазақстанға кіргізбеу, яғни персона нон грата деп тану», — деді Айдос Сарым.

Еске салайық, 2025 жылдың желтоқсанында Айдос Сарым КҚК-ға жасалған шабуылдарды қолдаған тұлғаларды тексеріп, жауапкершілікке тарту қажеттігін мәлімдеген. Оның айтуынша, мұндай әрекеттер терроризмді насихаттау немесе мемлекеттік опасыздық баптарына сай келуі мүмкін. 

Материал авторы