SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Жетісу облысында алаяқтар зейнеткер әйелді екі миллион теңгеден айырмақ болған. Оқиға сауда орталықтарының бірінде болған.
Полиция қызметкерлері сауда орталығында қатты қобалжып тұрған және телефонмен үздіксіз сөйлесіп жүрген егде жастағы әйелге назар аударған. Оның әңгімелесу мәнері күдік туғызған, себебі әйел белгісіз адамдардың нұсқауымен әрекет етіп отырғаны байқалған.
Тексеру барысында алаяқтар зейнеткерге телефон арқылы хабарласып, «тексеру жүргізу» сылтауымен SMS арқылы келген кодты сұрағаны анықталды. Осы тәсілмен олар әйелдің атына бес миллион теңге көлемінде несие рәсімдеуге әрекеттенген. Банк тарапынан небәрі екі миллион теңге мақұлданып, зейнеткер сол қаражатты алаяқтарға аударуға дайын тұрған.
Полиция қызметкерлері әйелден телефонды сұрап алып, қоңырауға жауап берген. Телефон тұтқасының ар жағындағы әйел өзін «Асельмін» деп таныстырып, зейнеткердің қызы екенін айтқан. Алайда ол анасының аты-жөніне қатысты сұрақтарға жауап бере алмаған. Бұл жағдай алаяқтық әрекеттің бар екенін нақты растаған.
Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қырағылығының арқасында қылмыстық әрекет дер кезінде тоқтатылып, екі миллион теңге көлеміндегі материалдық шығынның алдын алынды. Зейнеткермен профилактикалық әңгіме жүргізіліп, алаяқтардың жиі қолданатын тәсілдері түсіндірілді.
Полиция өкілдері ескертеді: банктер мен мемлекеттік органдар телефон арқылы ешқашан SMS-код сұрамайды және ақша аударуды талап етпейді.
RUS