«Қазақ халқынан кешірім сұраймын»: Әкесін азаптаған ер адам сотта көз жасына ерік берді
Ер адам кінәсін мойындап, ісіне өкінетінін айтты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Түркістан облысы Жетісай аудандық сотында қарт әкесін жүйелі түрде соққыға жығып, өліміне себепші болған ер адамның ісі қаралды. 15 қаңтарда сотта кінәлі деп танылған адам соңғы сөзін айтты.
Сот барысында ер адам эмоциясын баса алмай, көз жасына ерік берді. Ол жасаған қылмысына толық мойындап, жұртшылықтан кешірім сұрады.
«Барлыққа, бүкіл қазақ халқына кешірім сұраймын. Өз қылығым үшін шын жүректен өкінемін. Туыстарымнан кешірім сұраймын. Ашуланып кеттім. Өмір бойы өкінемін. Мен қателестім. Барлық мұсылман халқынан кешірім сұраймын. Мені түсініп, кешіріңіздер. Кінәмді толық мойындаймын», – деді сотта ер адам.
Бұған дейін прокурор оған 6 жыл 2 айға бас бостандығынан айыруды сұраған еді.
Оқиға туралы ақпарат әлеуметтік желіде өткен жылдың қыркүйек айында жарияланды. Сол кезде көршілердің бірі ер адамның қарт әкесін үй ауласында қатты ұрғанын жасырын видеоға түсіріп алған. Видеода қарт адамның қанға боялған жүзі көрініп, өзі тұра алмай қалған сәттерінен кейін ұлы әйелін шақырып, бірге әкесін үйге кіргізген. Кейіннен қарт адам қайтыс болды.
Полиция оқиға бойынша ерлі-зайыптыларға қылмыстық іс қозғаған. Әйеліге қатысты «Соққы» бабы бойынша іс тоқтатылды, себебі оның кінәсі дәлелденбеді.
Материал авторы