Жұмбақ жағдайда қайтыс болған балалардың аналарын полиция ұстап әкетті (ФОТО)
Ақнәр Хамит, Сана Мерлан және Адель Ақанованың аналары әділдік сұрап президент аппаратының алдына жиналған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада президент аппаратының маңына жиналған, жұмбақ жағдайда көз жұмған жасөспірімдердің аналары полиция тарапынан ұсталды. Бұл туралы заңгер Инга Иманбай әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді.
Әділдік пен шындықты талап еткен марқұм Ақнәр Хамит, Сана Мерлан және Адель Ақанованың аналары Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына ұжымдық өтініш тапсыру мақсатында Президент Әкімшілігінің кеңсесі орналасқан ғимарат алдына барған. Алайда олар ғимаратқа кіріп үлгермей, полиция қызметкерлері тарапынан ұсталып, белгісіз бағытқа әкетілген.
Заңгердің жазуынша, аналардың басты талабы — балаларының өліміне қатысты қылмыстық істердің объективті, тәуелсіз әрі толық тергелуін қамтамасыз ету. Дегенмен өтініш қабылданбаған, ал аналардың нақты қай полиция бөлімшесіне жеткізілгені туралы ақпарат берілмеген.
Инга Иманбай бұл жағдайды бейбіт жиын немесе қарсылық акциясы деп бағалауға болмайтынын атап өтті. Оның айтуынша, бұл — азаматтардың Президентке тікелей жүгіну жөніндегі конституциялық құқығын іске асыру әрекеті. Заңгер мұндай қадам аналардың заңды құқықтарын шектеу, қысым көрсету және әділ тергеуге кедергі келтіру белгілерін аңғартатынын мәлімдеді.
Ал Астана қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл оқиғаға қатысты түсініктеме берді. Ведомство мәліметінше, рұқсат етілмеген жиын өткізуге байланысты үш әйел Есіл ауданының полиция басқармасына жеткізілген. Полиция өкілдері аталған азаматтармен қолданыстағы заңнама талаптарын сақтау қажеттігі туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілгенін хабарлады.
Материал авторы