Шымкентте 21 жастағы қызды пышақтап өлтірген күдікті қамауға алынды
Резонанс туған соң істі полиция басшысы жеке бақылауына алды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шымкентте 21 жастағы қызды аса қатыгездікпен өлтірді деген күдікке ілінген ер адам қамауға алынды. Сот санкциясымен оған қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
Қазіргі уақытта қылмыстың барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу-жедел іс-шаралары жалғасып жатыр. Құқық қорғау органдары марқұмның жақындары келтірген барлық уәж бен дерекке құқықтық баға берілетінін мәлімдеді.
«Күдіктіге қатысты сот санкциясымен қамау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Қайтыс болған қыздың туыстары айтқан барлық фактілер тексеріліп жатыр. Тергеу нәтижесі бойынша тиісті құқықтық баға беріледі. Аталған қылмыстық істің тергелу барысы Шымкент қалалық полиция департаменті басшысының жеке бақылауында», – делінген ресми хабарламада.
Бұған дейін Шымкентте 21 жастағы қыздың пышақ жарақатынан қаза тапқаны хабарланған болатын. Қанды қылмыс бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Видеода қыздың қашып құтылуға әрекеттеніп, қарсылық көрсеткені, алайда күдіктінің оны ұрып-соғып, бірнеше рет пышақтағаны, кейін оқиға орнынан бой тасалағаны анық көрінеді. Ресми емес мәліметке сәйкес, марқұмға небәрі 11 пышақ жарақаты салынған.
Қылмыс 11 қаңтар күні кешкі уақытта Толеметов көшесіндегі тұрғын үйдің маңында болған. Кісі өлтіру дерегі бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі «Адам өлтіру» бойынша іс қозғалды. Қылмыс жасады деген күдікпен Шерхан Аймахан есімді азамат ізін суытып, автокөлікпен қашып кеткені айтылған.
Қаза тапқан қыз — 21 жастағы студент Нұрай Серікбай екені анықталды. Ол ата-анасымен бірге қылмыс орнына жақын орналасқан көпқабатты үйлердің бірінде тұрған. Марқұм отбасындағы кенже бала болған, екі ағасы бар. Нұрай Серікбай 13 қаңтар күні Төрткөл ауылында жер қойнына тапсырылды.
28 жастағы күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Марқұмның туыстары күдіктінің бұған дейін де қызды заңсыз алып кеткенін мәлімдеді.
Материал авторы