480

Туыстары байланған жарамен тапқан: Талғар маңында әйел адамды пышақтап өлтірді

Әйелді өлтірді деген күдікпен ер адам қамауға алынды.

Туыстары байланған жарамен тапқан: Талғар маңында әйел адамды пышақтап өлтірді
Shutterstock

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы облысының Талғар қаласына жақын орналасқан Рысқұлова ауылында әйел адамның өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалды. Марқұмды өлтірді деген күдікпен оның азаматтық күйеуі ұсталды. Бұл туралы Алматы облыстық полиция департаменті хабарлады.

Ведомство мәліметінше, 14 қаңтарда 45 жастағы ер адам күдікті ретінде ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Тергеудің алдын ала деректеріне сәйкес, отбасылық жанжал кезінде ер адам азаматтық жұбайына пышақпен екі рет соққы жасаған. Әйел алған жарақаттарының салдарынан бірнеше сағаттан кейін көз жұмған.

Қайғылы жағдайдан кейін жәбірленушіні туыстары тапқан. Әйелдің денесінде пышақ жарақаттары болған, ал жаралары байланған күйде анықталған.

Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері күдіктіні сол жерде ұстаған. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу басталды.

Қазіргі таңда құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Тергеу нәтижесіне сәйкес, процессуалдық шешім заң талаптарына сай қабылданады.

Материал авторы