387

Автобуспен Мәскеуден Ташкентке бет алған шетелдіктер жолда үсіп қалды

Автобус Ақтөбе облысында тоқтап қалған.

Автобуспен Мәскеуден Ташкентке бет алған шетелдіктер жолда үсіп қалды
ТЖМ

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтөбе облысында Мәскеуден Ташкентке бағыт алған жолаушылар автобусының ішіндегі адамдар құтқарылды. Автобуста Өзбекстан азаматтары мен бірнеше қазақстандық болған. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады.

Ведомство мәліметінше, 16 қаңтар күні таңертең Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында, «Ресей – Ақтөбе – Қызылорда – Алматы – ҚХР» автожолының 1094-шақырымында жолаушылар автобусы техникалық ақауға ұшыраған. Автобус Мәскеу–Ташкент бағытымен жүрген.

Оқиға орнына жедел түрде ТЖМ күштері мен құралдары жіберілген. Құтқарушылар істен шыққан автобустан 13 адамды эвакуациялап, Қалыбай ауылы маңындағы кемпингке жеткізген. Олардың төртеуі – балалар.

Автобус ішінде екі Қазақстан азаматы және 11 Өзбекстан азаматы болған. Құтқарылған жолаушылар медициналық көмекке мұқтаж болмаған.

Төтенше жағдайлар министрлігі жағдай толық бақылауда болғанын, адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнбегенін атап өтті.

Материал авторы