375

Түркістанда әкесін балағаттап, соққыға жыққан ер адам 5 жылға сотталды

Дәрменсіз әкесін азаптаған ер адамға үкім шықты.

Түркістанда әкесін балағаттап, соққыға жыққан ер адам 5 жылға сотталды
әлеуметтік желіден

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Түркістан облысы Жетісай аудандық соты өз әкесіне тіл тигізіп, күш қолданған ер адамға қатысты үкім шығарды. Сот шешімімен ол 5 жылға бас бостандығынан айырылды.

16 қаңтарда сот айыпталушыны Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша кінәлі деп таныды. Атап айтқанда, ол дәрменсіз күйдегі адамды азаптағаны және сол жағдайда қасақана орташа ауырлықтағы дене жарақатын келтіргені үшін жауапқа тартылды.

Сот үкімінде жеңіл жаза ауыр жазаға алмастырылып, айыпталушы орташа қауіпсіздіктегі түзеу мекемесіне бес жыл мерзімге жіберілді.

Еске салайық, 2025 жылдың қыркүйегінде Түркістан облысында ер адамның өз әкесін балағаттап, аяусыз ұрып-соққан сәті түсірілген видео әлеуметтік желілерде кеңінен тараған болатын. Қоғамдық резонанс тудырған оқиғадан кейін полиция күдіктіні қамауға алған.

Тергеу барысында ер адамға екі бірдей бап бойынша айып тағылды. Прокурор соттан оны алты жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Алайда сот айыпталушыға бес жыл жаза тағайындады.

Материал авторы