Ресей Сыртқы істер министрлігі Соловьевтің арандатушылық мәлімдемелеріне қатысты пікір білдірді
Соловьевтің бағдарламасы бірнеше күннен бері эфирге шықпағаны белгілі болды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ресей Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова журналист Владимир Соловьевтің эфирде айтқан даулы сөздеріне байланысты түсініктеме беріп, Мәскеудің ТМД елдеріне қатысты ресми ұстанымын тек уәкілетті тұлғалардың мәлімдемелері арқылы бағалауға шақырды.
Брифинг барысында Захарова Соловьевтің бағдарламасында айтқан пікірлеріне қатысты сұраққа жауап беріп, Ресейдің ресми позициясы тек ресми өкілдер арқылы жарияланатынын қадап айтты.
«Ресейдің ресми ұстанымы уәкілетті лауазымды тұлғалар арқылы ғана айтылады», – деді ол.
Захарованың айтуынша, Мәскеудің Орталық Азия елдерімен қарым-қатынасқа қатысты саясаты бірнеше рет ең жоғары деңгейде айтылған және ол серіктестік пен өзара құрмет қағидаттарына негізделген.
Ол Ресей мен Орталық Азия халықтарын тарихи тұрғыда тату көршілік, стратегиялық әріптестік, одақтастық және ынтымақтастық байланыстырып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ бұл бағыттағы ұстанымдар келіссөздерде, саммиттерде және халықаралық алаңдарда сан мәрте қайталанғанын жеткізді.
Мария Захарова қауіпсіздік мәселелері ТМД, ҰҚШҰ аясындағы ресми кездесулерде, соның ішінде Қауіпсіздік кеңестері хатшылары деңгейінде талқыланатынын еске салды. Оның сөзінше, аймақтағы қауіпсіздікке қатысты нақты шешімдер дәл осы құрылымдарда қабылданады.
Дипломат жұртшылықты жекелеген мәлімдемелерге емес, нақты істерге қарап қорытынды жасауға шақырды.
«Біз қанша рет қиын жағдайларда бірге шешім іздедік, қанша рет арандатушылыққа қарсы тұрдық, қанша рет ортақ жеңістерге бірге қуанып, қиындықтарды бірге еңсердік. Нақты қарым-қатынас осымен өлшенуі керек», – деді ол.
Захарова ақпараттық кеңістікте әлі де арандатушылық әрекеттер болатынын айтып, жалған ақпаратқа ермеуге үндеді.
Сонымен қатар ол Соловьевтің сөздері риторикалық сипатта болуы мүмкін екенін, алайда кейбір комментаторлар оны Ресейдің ресми ұстанымы ретінде көрсеткенін сынға алды.
«Бұл сөздер әдейі арандатушылық сипатта, тіпті ресми позиция ретінде ұсынылды. Бұл – мүлде жол беруге болмайтын нәрсе», – деді Захарова.
Осы жағдайдан кейін ресейлік БАҚ-та Владимир Соловьевтің эфирлік кестесіне қатысты да сұрақтар туындады. Мәліметтерге сәйкес, 12 қаңтардан бастап «Россия 1» арнасында «Вечер с Владимиром Соловьевым» бағдарламасы көрсетілмей отыр.
БАҚ дерегінше, бұған журналистің Орталық Азияға қатысты «жаңа арнайы әскери операциясы» туралы тұспалдап айтқан пікірлері себеп болған. Бұл сөздер сыртқы саяси деңгейде наразылық тудырып, Ресей дипломаттарына түсіндіру жұмыстарын жүргізуге тура келген.
Материал авторы