Павлодарда бүйрегін сатпақ болған ресейлік әйел сотталды
50 мың долларға бүйрегін сатпақ болған әйел жауапқа тартылды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Павлодар қаласында тірі адамның органын заңсыз сатуға оқталу дерегі бойынша қылмыстық іс қаралды. Облыстық соттың мәліметінше, Ресей Федерациясының азаматы кінәлі деп танылып, бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.
Соттың ресми Telegram-арнасында жарияланған ақпаратқа сәйкес, Павлодар қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты істі келісім тәртібімен қараған. Әйел адам Қылмыстық кодекстің 24-бабының 3-бөлігі және 116-бабының 1-бөлігі бойынша жауапқа тартылған.
Сот анықтағандай, 2024 жылы Ресей азаматы жеке пайдасын көздеп, Telegram мессенджері арқылы өз бүйрегін 50 мың АҚШ долларына сатуға келісім жасаған. Келісім шарттары бойынша ағза трансплантациясы Павлодар қаласында өтуі тиіс болған.
2025 жылы күдікті Қазақстанға келіп, медициналық тексеруден өткен. Осыдан кейін ол 5 миллион теңге көлемінде алдын ала төлем алып, полиция қызметкерлері тарапынан ұсталған. Қылмыс өзіне байланысты емес мән-жайларға байланысты соңына дейін жеткізілмеген.
Айыпталушы кінәсін толық мойындап, жасаған әрекетіне өкініш білдірген. Сондай-ақ оның асырауында кәмелетке толмаған балалары бар екені ескерілген. Осыны негізге ала отырып, сот 10 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Тергеу кезінде қамауда отырған уақыты есепке алынып, жаза өтелген деп танылды. Сотталған әйел қамаудан босатылды.
Үкім заңды күшіне енді.
Материал авторы