«Өлтіріп, қызының қасына жатқызып кетті»: Талғарда ер адам әйелді қызының көзінше өлтірген (ВИДЕО)
Күдікті қылмыс орнын жасыруға тырысып, үйді тазалап кеткен.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы облысында жантүршігерлік қылмыс тіркелді. 15 жыл бойы азаматтық некеде тұрған ер адам әйелін бес жасар қызының көзінше пышақтап өлтірді. Қайғылы жағдай сәрсенбі күні отбасылық жанжал кезінде болған.
Тергеу мәліметінше, 45 жастағы күдікті әйеліне бірнеше рет пышақ жарақатын салған. Әйел ауыр жарақаттан көз жұмды. Оқиға кезінде олардың кішкентай қызы үйде болған. Қылмыстан кейін ер адам ізін жасыруға тырысқан: үйді жинастырып, қанға боялған заттарды жасырған. Марқұмның денесін төсегіне жатқызып, үстіне көрпе жауып кеткені айтылады.
Таңертең ұйқысынан тұрған бес жасар қыз ата-әжесінің үйіне жүгіріп барып, көмек сұраған. Сол сәттен кейін ғана қылмыс әшкереленген. Жазираның денесі туыстарына табысталып, марқұм кеше жер қойнына тапсырылды.
Марқұмның анасы Тұраш Қуанышеваның айтуынша, қызы ұзақ жылдар бойы тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген. Ол күйеу баласының ішімдікке әуес болғанын, жиі жанжал шығаратынын айтады. Жақындары күдіктіні ең ауыр жазаға тартуды талап етіп отыр.
Көршілердің сөзінше, марқұм ауылдағы дәмханалардың бірінде аспаз болып жұмыс істеген, мінезі жайлы, елге сыйлы болған. Ал күдікті сол күні де мас күйде болғаны айтылып отыр.
Алматы облыстық полиция департаменті кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Күдікті қылмыс жасалған күні ұсталып, қамауға алынған. Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, қанды қылмыстан небәрі екі апта бұрын күдіктінің үстінен отбасындағы күш көрсету дерегі бойынша арыз түскені белгілі болды.
Материал авторы