SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шымкентте жас қыздың қаза табуына байланысты қозғалған қылмыстық істің тергелу барысы Ішкі істер министрлігінің жеке бақылауына алынды.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, қоғамдық кеңістікте айтылған барлық дерек пен полиция қызметкерлерінің уақтылы шара қолданбауы мүмкін деген уәждерге байланысты қызметтік тексеру тағайындалған.
Ведомствоның хабарлауынша, қазіргі уақытта күдікті сот санкциясымен қамауға алынған. Іс бойынша ең тәжірибелі қызметкерлерден құралған арнайы тергеу-жедел тобы құрылған. Тергеу аясында күдіктінің әрекеттеріне толық құқықтық баға беріледі.
Сонымен қатар, барлық дерек жан-жақты тексеріліп жатыр. Оның ішінде бейнебақылау камераларындағы жазбалар да мұқият талдануда. Қылмыстық іс бойынша жедел-тергеу шаралары жалғасып жатыр.
Ішкі істер министрлігі кез келген қатыгездік көріністеріне төзбеушілік ұстанымда екенін атап өтті және кінәлі тұлғаның заң аясында жазасыз қалмауын қамтамасыз ету үшін барлық шара қолданылатынын мәлімдеді.
Еске сала кетейік, бұған дейін 11 қаңтар күні сағат 18:40 шамасында Шымкент қаласының көшелерінің бірінен пышақ жарақатын алған бойжеткеннің денесі табылғаны хабарланған еді. Ол оқиға орнында көз жұмған.
Аталған қылмысқа күдікті ретінде 28 жастағы ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу мәліметінше, ол марқұммен таныс болған.
RUS