569

«Сен өл, мен түрмеге отыра саламын»: Алматыда қоғам белсендісі әйеліне күш қолданған (ВИДЕО)

Қоғам белсендісінің ісі сотта қаралған.

«Сен өл, мен түрмеге отыра саламын»: Алматыда қоғам белсендісі әйеліне күш қолданған (ВИДЕО)
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда қоғам белсендісінің әйеліне күш қолданған сәті түсірілген видео әлеуметтік желілерде кеңінен тарады. Кадрларда ер адамның әйелді өлтіремін деп қорқытқаны анық естіледі. Кейін видеодағы адамның белгілі қоғам қайраткері Арсен Шакуов екені белгілі болды.

Instagram желісінде жарияланған видеода ер адам еденде жатқан әйелді тұншықтырып, «түрмеге түссем де өлтіремін» деп қорқытады. Әйел «Арс, жібер» деп жалбарынады, ал арт жақта балалардың айқайлаған дауысы естіледі.

Видео сипаттамасында Арсен Шакуовтың бұрын Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметін басқарғаны, ал қазіргі уақытта Қазақстан ұлттық сурдолимпиадалық комитетінің вице-президенті және жол қауіпсіздігі қауымдастығының президенті екені жазылған. Авторлар құқық қорғау органдарынан бұл әрекетке құқықтық баға беріп, толыққанды тергеу жүргізуді талап еткен.

Аталған видеоға қатысты Алматы қалалық полиция департаменті ресми түсініктеме берді. Ведомство мәліметінше, бұл оқиға 2025 жылдың 26 қаңтарында таңғы сағат 3:50 шамасында болған.

«Әлеуметтік желіде тараған бейнематериал бойынша Түрксіб аудандық полиция бөлімінде іс тіркелді. Ер адамға қатысты әкімшілік іс қозғалып, материал мамандандырылған ауданаралық сотта қаралды. Тараптар татуласуына байланысты іс тоқтатылды», – деп хабарлады полицияның баспасөз қызметі.

Сот қаулысында Арсен Шакуовтың жұбайымен тұрмыстық жанжал кезінде отбасылық-тұрмыстық қатынастар туралы заң талаптарын бұзғаны көрсетілген. Сот отырысында ол кінәсін мойындап, жасаған әрекетіне өкініш білдірген. Жәбірленуші тарап та істі тоқтату туралы жазбаша өтініш берген.

Айта кетейік, бұған дейін де танымал тұлғалардың отбасындағы зорлық-зомбылық фактілері қоғамда үлкен резонанс тудырған болатын.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор