Шымкенттегі 21 жастағы Нұрайдың өліміне күдікті блогерлердің туысы болып шықты (ВИДЕО)
Қалаулым арқылы танылған Камила Әділхан мен оның күйеуі мәлімдеме жасады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шымкентте 21 жастағы студент Нұрай Серікбайдың өліміне күдікті ретінде ұсталған Шерхан Аймахан танымал блогерлер Камила Әділхан мен Мағжан Аймаханның туысы екені белгілі болды. Бұл ақпаратты блогерлердің өздері растады.
Мағжан Аймаханның айтуынша, күдікті әкесі жағынан немере інісі болып келеді. Бұған дейін әлеуметтік желі қолданушылары блогерлер мен күдіктінің тегінің және сыртқы келбетінің ұқсастығына назар аударып, олардың туыстығы болуы мүмкін екенін болжаған. Кейін күдіктінің блогерлермен бірге түскен фотосуреттері де желіде тарады.
Блогерлер бұл жағдайдың өздері үшін де ауыр соққы болғанын айтты.
«Шерхан – әкемнің кіші інісінің ұлы. Ешбір ата-ана баласының қатыгез қылмысқа баруын қаламайды. Мұндай жағдай біздің ойымызға да келген жоқ. Бұл – екі жақтың отбасы үшін де орны толмас қайғы», – деді олар.
Сонымен бірге, Камила Әділхан мен Мағжан Аймахан күдіктіге қатысты сот процесі әділ әрі заң аясында өтуі тиіс екенін атап өтті.
«Қандай жаза тағайындалса да, ол Нұрайды қайтара алмайды. Біз тек әділ сот шешімін күтеміз. Бұл қылмысты ақтау ниетіміз жоқ», – деді блогерлер.
Олар сондай-ақ тергеуге ықпал етуі мүмкін деген қауесеттерді жоққа шығарды. Блогерлердің айтуынша, қоғам назарында жүрген адамдар ретінде, олар үшін әділ үкімнің шығуы – ең маңызды мәселе.
Еске салайық, 11 қаңтар күні Шымкентте 21 жастағы студент Нұрай Серікбай қаза тапты. Аталған дерек бойынша «Кісі өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті оқиға орнынан қашып кеткенімен, көп ұзамай ұсталған.
Марқұмның туыстары Нұрайдың бұған дейін күдіктінің үстінен полицияға шағымданғанын, алайда арызы қабылданбағанын мәлімдеді. Осыдан кейін іс Ішкі істер министрлігінің бақылауына алынғаны хабарланды.
Материал авторы