SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Threads әлеуметтік желісінде Құран оқуды үйрететін Балым Серікханқызының жазбасы қызу пікірталас тудырды. Ұстаздың қоғамдағы кейбір құбылыстарға қатысты айтқан пікірі желі қолданушылары арасында түрлі реакцияға себеп болды.
Аталған жазбада Балым Серікханқызы: «Қыздар клубқа барып, өліп қалсаңдар, обалдарың жоқ. “Охота на розового зайца” фильмінің режиссерларына рахмет, қоғамдағы лас нәрсені қозғаған», – деп жазған.
Бұл пікірге желіде кеңінен танымал коуч Роза Әшірбаева жауап беріп, әйелдердің қауіпсіздігі мен қоғамдағы шынайы жағдайға қатысты бірқатар өткір сұрақ көтерді. Ол өз жазбасында тұрмыстық зорлық-зомбылық, әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстар, сондай-ақ қоғамдық орындарда қауіпсіздіктің жоқтығы туралы айтты.
«Ұстаз, үкімін айтып жіберіңізші, әйелдер үйлерінде өлсе обалы бола ма? Жалпы әйелдер қай жерде өлгені дұрыс, қай жерде жүргені дұрыс? Қоғамда әйелдерге де, кішкентай қыздарға да тыныштық жоқ. Реалистік жағдайға қарап, статистика мен жаңалықтарды ескеру керек емес пе?» – деп жазды Роза Әшірбаева.
Осыдан кейін Балым Серікханқызы бастапқы жазбасын өшіріп, түсіндірме пікір қалдырды. Оның айтуынша, сөздер контекстен үзіп алынған және жазба белгілі бір фильмнің мазмұнына байланысты айтылған.
«Жазбадағы ойдың ашылған жерін салу керек еді. Фильмдегі қыздардың қалай жауыздықпен өмір сүріп, қаза тапқанына байланысты айтылған сөз. Өзім де анамын, қыз тәрбиелеп отырмын. Осындай өмір жолына түскен талай қызға рухани көмек көрсеттім», – деп жазды ол.
Сондай-ақ ұстаз әр қазақ қызының өзіне бауыр екенін айтып, қоғамды бір-біріне жанашыр болуға, жақсылыққа шақыруға үндеді.
Әлеуметтік желідегі бұл пікірталас әлі де жалғасып жатыр. Қолданушылардың бір бөлігі ұстаздың сөзін орынсыз деп санаса, енді бірі айтылған ойдың астарын түсіну керек деген пікір білдіруде.
RUS