Ресейлік философ Дугин Қазақстанның тәуелсіздігін жоққа шығарды (ВИДЕО)
Дугин бірқатар елдің Мәскеуге бағынышты екенін айтты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ресейлік философ әрі идеолог Александр Дугин Қазақстан мен басқа да посткеңестік елдердің егемен мемлекет ретінде өмір сүруіне қарсы екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, тәуелсіз ұлттық мемлекеттер дәуірі аяқталған, ал бұрынғы КСРО аумағы Мәскеудің бақылауындағы жаңа одаққа бірігуі тиіс.
Дугин бұл пікірін эфир барысында ашық айтты. Ол Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Армения, Грузия және Әзербайжанды атап өтіп, олардың дербес мемлекет ретінде өмір сүруін «қабылдауға болмайды» деді.
«Тәуелсіз Арменияның, тәуелсіз Грузияның, тәуелсіз Әзербайжанның, тәуелсіз Қазақстанның, тәуелсіз Өзбекстанның, Тәжікстан мен Қырғызстанның болуымен келісуге болмайды», – деді ол.
Дугиннің пікірінше, қазіргі геосаяси жағдайда дербес елдерге орын жоқ. Оның айтуынша, Ресей ықпалынан тыс қалған аумақтар «Батыстың, Еуроодақтың, АҚШ-тың немесе Қытайдың плацдармына» айналады.
Сондай-ақ ол Ресейге халықаралық құқықтан бас тартуды ұсынып, оны «қазір ешкім есепке алмайтын ұғым» деп атады. Оның орнына Дугин «еуразиялық Монро доктринасы» деп аталатын жаңа саяси модель құруды ұсынды.
«Халықаралық құқықтан бас тарту керек, ашық қарсыласуға көшу қажет, Трамп сияқты әрекет ету керек. Басқа жол жоқ», – деді философ.
Ол жаңа модель аясында ешқандай егемендік болуы мүмкін емес екенін айтып, ұлттық мемлекеттерді «өткеннің қоқысы» деп атады.
Бұған дейін ресейлік тележүргізуші Владимир Соловьёв те өз бағдарламасында Орталық Азияға қатысты мәлімдеме жасаған болатын. Ол аймақты «біздің Азия» деп атап, ұлттық қауіпсіздік үшін Украинадағыдай «арнайы операциялар» өзге өңірлерде де мүмкін екенін жоққа шығармаған.
Материал авторы