306

Алматыда әйелді байлап, 30 млн теңгеге жуық мүлкін тонап кеткендер ұсталды (ВИДЕО)

Күдіктілер кінәсін мойындады.

Алматыда әйелді байлап, 30 млн теңгеге жуық мүлкін тонап кеткендер ұсталды (ВИДЕО)
Polisia.kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда қарақшылық шабуыл жасады деген күдікпен екі адам ұсталды. Қылмыс салдарынан қала тұрғыны ірі көлемде қаржылай шығынға ұшыраған. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі хабарлады.

Полиция мәліметінше, оқиға күндізгі уақытта болған. Белгісіз адам жәбірленушіні күш қолданамын деп қорқытып, байлап тастаған. Кейін оның жинаған ақшасын, зергерлік бұйымдарын және өзге де бағалы мүлкін алып кеткен. Алдын ала есеп бойынша келтірілген залал көлемі шамамен 30 млн теңгені құрайды.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, жедел-іздестіру шаралары басталған. Қысқа уақыт ішінде криминалдық полиция қызметкерлері екі күдіктіні ұстады. Тергеу барысында ұрланған мүліктің едәуір бөлігі тәркіленді.

Күдіктілер кінәсін мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Алматы қалалық полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Қуатбек Науатовтың айтуынша, бұл қылмыстың ашылуы жедел және үйлесімді жұмыстың нәтижесі.

«Біз үшін «Заң мен тәртіп» – ұран емес, күнделікті қағида. Ауыр қылмыстардың ешқайсысы жауапсыз қалмайды. Әрбір жәбірленуші мемлекет пен полиция өз жағында екенін сезінуі тиіс», – деді ол.

Қазіргі уақытта ұсталғандардың осыған ұқсас өзге қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр. Тергеу жалғасуда.

Материал авторы