SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада баласын емдетуге деп қаржы жинап, алаяқтық жасады деп сотталған Толқын Тотақанова үкім шыққаннан кейін қазақстандықтарға видеоүндеу жолдады. Ол өзіне тағылған айыптарды әділетсіз деп санайтынын айтып, қоғамнан қолдау сұрады.
Сот материалдарына сәйкес, Астана қаласының тұрғыны Толқын және Дәулет Тотақановтар аса ірі көлемде алаяқтық жасап, қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастырғаны үшін кінәлі деп танылған. Тергеу нұсқасы бойынша, ерлі-зайыптылар ұлдарын емдету үшін қайырымдылық жинау жариялап, жиналған қаражаттың едәуір бөлігін жеке қажеттіліктеріне жұмсаған.
Үкімнен кейін жарияланған видеоүндеуде Толқын Тотақанова баласының шын мәнінде шетелде емделгенін алға тартты. Оның айтуынша, емдеу Түркия, Өзбекстан, Әзербайжан және Ресейде жүргізілген, ал медициналық шығын көлемі іс материалдарында көрсетілген 6 млн емес, шамамен 160 млн теңгені құраған.
Сонымен қатар ол өзін бопсалаудың құрбаны болғанын мәлімдеді. Толқынның сөзінше, үш адам баланың еміне жиналған ақшаны күшпен иемденген.
«Бес жыл бойы қорқынышта өмір сүрдім. Олар өлтіреміз, жоямыз деп қорқытты. Баламның емі үшін 45 млн теңге қарыз алдым. Нәтижесінде бұл адамдар 700 млн теңгеден астам қаражатты алып кетті. Бүгін біз сотталып отырмыз, ал біздің қайғымызды пайдаланып байығандар бостандықта жүр. Күйеуім әділетсіз сотталды. Неге олар жауапқа тартылмайды? Бізге тек шындық пен әділдік керек», – деді ол.
Толқын Тотақанованың айтуынша, бұл деректер аудиторлық тексеріс пен іс материалдарында бар, алайда өзі айыптаған тұлғалар әлі күнге дейін жауапкершілікке тартылмаған.

Еске салсақ, Тотақановтар отбасында Альтаир есімді ұл дүниеге келген. Баланың дамуында күрделі медициналық проблемалар болғаны анықталып, ата-анасы Түркияда жасалатын операция үшін 50 млн теңге қажет екенін хабарлаған. Қысқа мерзімде қажетті қаражат жиналғанымен, кейін қаржы жинау тоқтатылмаған.
Тергеу дерегінше, баланың қатысуымен түсірілген видеолар, эмоционалды жазбалар және Instagram мен Facebook желілеріндегі агрессивті жарнама он мыңдаған азаматтың сеніміне әсер еткен. Бұл іс қоғамда бұрынғы резонансты қайырымдылық дауларымен салыстырылып отыр.
2026 жылдың қаңтарында сот ерлі-зайыптыларға үкім шығарды. Сот шешіміне сәйкес, 2020–2024 жылдар аралығында отбасы есепшоттарына шамамен 2,2 млрд теңге түскен, оның 1,4 млрд теңгесі қайырымдылық қаражаты болған. Алайда бұл ақшаның елеулі бөлігі баланың еміне емес, жеке мақсаттарға жұмсалған.
Сот үкімімен Толқын және Дәулет Тотақановтар ҚР ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы және 218-бабы 2-бөлігі 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ олар 10 жыл мерзімге қайырымдылық қаражат жинауға байланысты қызметпен айналысу құқығынан айырылды, мүлкі тәркіленді. Толқын Тотақановаға кәмелетке толмаған баласы болғандықтан, жазаны өтеу екі жылға кейінге шегерілді.
RUS