Қарағандылық ер адам асырап алған қызын қайтармақ болды
Ер адам сотта қызынан бас тартатынын айтқан.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қарағанды қаласының тұрғыны марқұм жұбайының алдыңғы некеден туған қызын асырап алу туралы шешімді жоюды талап етіп, сотқа жүгінді. Алайда сот оның талабын қанағаттандырған жоқ.
Іс материалдарына сәйкес, ер адам әйелмен 1970 жылғы 29 шілдеде ресми некеге тұрған. 1981 жылғы желтоқсанда Қарағанды қаласы Киров аудандық атқару комитетінің шешімімен ол жұбайының бірінші некеден туған қызы П.-ны асырап алу арқылы өз баласы ретінде қабылдаған. Бұл факт архивтік акт жазбасымен расталған. 2015 жылы оның жұбайы қайтыс болды.
Арада уақыт өткен соң ер адам соттан асырап алуды жоюды сұрап, талап арыз түсірген. Ол екі уәж келтірген: актіні тіркеу кезінде қыздың жазбаша келісімі болмағаны және бірге тұрудың тоқтауы.
Алайда Әлихан Бөкейхан аудандық №2 аудандық соты бұл дәлелдерді жеткіліксіз деп таныды. Соттың түсіндіруінше, заңнамаға сәйкес, асырап алуды жою тек ерекше жағдайларда ғана мүмкін. Атап айтқанда, асырап алушы ата-аналық міндеттерін орындамаса, құқықтарын теріс пайдаланса, зорлық-зомбылық көрсетсе немесе баланың мүддесіне өзге де түрде зиян келтірсе.
Сонымен қатар, заң бойынша бала кәмелет жасына толғаннан кейін асырап алуды жоюға жол берілмейді. Ерекше жағдай тек тараптардың өзара келісімі болғанда ғана қарастырылады. Бұл іс бойынша П. кәмелетке толған және асырап алуды жоюға қарсы екенін ашық мәлімдеген.
Осыған байланысты сот бірінші сатыда талапты Кодекстің 106 және 110-баптарында көзделген негіздердің болмауына байланысты қанағаттандырудан бас тартты. Азаматтық істер жөніндегі сот алқасы да бұл шешіммен келісіп, оны өзгеріссіз қалдырды.
Материал авторы