Халық жаппай көлік сатып алып жатыр
Қытайлық брендтер нарықтағы үлесін күшейтті.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстандықтар рекордтық көлемде автокөлік сатып алды.
2025 жылдың желтоқсанында елдегі ресми дилерлер 27 464 жаңа автокөлік сатқан. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 7,3 пайызға артық және отандық авторынок үшін жаңа рекорд саналады.
«Қазақстанның Автокөлік Одағының» мәліметінше, желтоқсан айында қазақстандықтар жаңа жеңіл және коммерциялық көліктерді бұрын-соңды болмаған көлемде сатып алған. Осылайша, желтоқсан айы қатарынан үшінші жыл рекорд жаңартып отыр.
2025 жылдың қорытындысы бойынша ресми дилерлер арқылы 234 852 автокөлік сатылған. Бұл бір жыл ішінде 14,4 пайыздық өсім көрсетіп, жаңа көліктердің жылдық сатылымы екінші жыл қатарынан 200 мыңнан асқанын аңғартады.
Қазақстандықтар қандай көліктерді таңдады?
Ең көп сатылған марка — Hyundai. Бір жылда бұл брендтің 50 868 көлігі өткен. Одан кейін Chevrolet (38 880) және Kia (23 402) орналасқан. Алғашқы бестікке қытайлық екі бренд — Chery (14 570) мен Jetour (14 507) де кірді.
Қазіргі таңда Қазақстан нарығында 75 автокөлік бренді ұсынылғанымен, сатылымның 80 пайыздан астамы үздік он маркаға тиесілі. Олардың қатарында Haval (11 688), Toyota (11 338), Changan (11 260), JAC (10 330) және Geely (9 621) бар.
Сарапшылар автонарықтағы өсім 2025 жылдың қазан айынан басталғанын атап өтеді. Қараша айында бұл үрдіс жалғасып, негізгі себеп ретінде автонесиелеудің қарқынды артуы аталған. Атап айтқанда, 2025 жылдың тоғыз айында автонесиеге берілген өтінімдер саны 48 пайызға көбейіп, мақұлданған несиелердің үлесі де артқан.
Материал авторы